Мемлекеттік қызметшілерді жауапкершілікке тарту тәртібі өзгерді

240

2025 жылғы 2 мамырдағы Президент Жарлығымен мемлекеттік қызметшілерге тәртіптік жаза қолдану қағидаларына өзгерістер енгізілді.  

Мемлекеттік қызметшілерді жауапкершілікке тарту тәртібі өзгерді Фото: © Sputnik / Абзал Калиев

Саяси мемлекеттік қызметші алдыңғы мемлекеттік лауазымында тәртіп бұзғаны үшін жауапкершілікке тартылады, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Егер алдыңғы лауазым әкімшілік мемлекеттік лауазым болса, онда тәртіптік жауапкершілік мәселесін қарау теріс қылық жасалған кезде қызмет атқарған мемлекеттік органда жүргізіледі және бұл ретте әкімшілік мемлекеттік қызметшілерге қатысты қағидалардың тиісті ережелері қолданылады.

Саяси мемлекеттік қызметшіге тәртіптік жаза соңғы атқарған лауазымы бойынша уәкілетті тұлға тарапынан тәртіптік жаза қолдану мерзімдері шегінде салынады.

Саяси мемлекеттік лауазымдағы өкілеттігі тоқтатылған күнге дейін алынбаған тәртіптік жаза өкілеттігі тоқтатылған күннен бастап алынған деп есептеледі.

Сондай-ақ, әкімшілік мемлекеттік қызметшілерді тәртіптік жауапкершілікке тарту қағидасы да өзгертілді. Әкімшілік мемлекеттік қызметші алдыңғы мемлекеттік лауазымда теріс қылық жасағаны үшін тәртіптік жауапкершілікке тартылады.

Егер алдыңғы лауазым саяси мемлекеттік лауазым болса, тәртіптік жауапкершілік мәселесін қарау теріс қылық жасалған кезде қызмет атқарған мемлекеттік органда жүргізіледі және бұл ретте саяси мемлекеттік қызметшілерге қатысты қағидалардың тиісті ережелері қолданылады.

Егер алдыңғы лауазым әкімшілік мемлекеттік лауазым болса, тәртіптік жауапкершілік мәселесін қарау теріс қылық жасалған кезде қызмет атқарған мемлекеттік органда жүргізіледі және бұл ретте әкімшілік мемлекеттік қызметшілерге қатысты қағидалардың тиісті ережелері қолданылады.

Әкімшілік мемлекеттік қызметшінің уәкілетті тұлғасы:

  •  қызметтік тергеуді тоқтату немесе қайта бастауға негіз материалдар мен мәліметтерді уақтылы ұсынады;
  • мемлекеттік қызметшіні тәртіптік жауапкершілікке тарту мәселесін жан-жақты және объективті қарауға өзге де жәрдем көрсетеді.

Әкімшілік мемлекеттік қызметшінің теріс қылығы бойынша қызметтік тергеу теріс қылық жасалған кезде лауазым атқарған мемлекеттік органның уәкілетті тұлғасының актісімен тағайындалады.

Қызметтік тергеудің тағайындалуы туралы және әкімшілік мемлекеттік қызметшінің теріс қылықтары туралы мәліметтер қызметтік тергеу тағайындалған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде оның қазіргі қызмет атқаратын мемлекеттік органының уәкілетті тұлғасына хабарланады.

Қызметтік тергеу материалдарын мемлекеттік қызметші теріс қылық жасаған кезде қызмет атқарған мемлекеттік орган жанындағы комиссия қарайды. Егер комиссия тәртіптік жаза қолдану туралы ұсыным шығарса, онда аталған органның уәкілетті тұлғасы бес жұмыс күні ішінде тиісті материалдарды мемлекеттік қызметшінің соңғы жұмыс орны бойынша мемлекеттік органға жібереді.

Әкімшілік мемлекеттік қызметшіге тәртіптік жаза соңғы атқарған лауазымы бойынша уәкілетті тұлға тарапынан тәртіптік жаза қолдану мерзімдері шегінде салынады.

Басқа мемлекеттік органнан берілген қызметтік тергеу материалдарын және тәртіптік жаза қолдану туралы комиссия ұсынымын уәкілетті тұлға қараған кезде, олар қосымша қызметтік тергеуге жіберілмейді.

Әкімшілік мемлекеттік қызметші мемлекеттік қызметін тоқтатқан күнге дейін алынбаған тәртіптік жаза оның мемлекеттік қызметі тоқтатылған күннен бастап алынған деп есептеледі.

Мемлекеттік қызмет істері агенттігі аталған өзгерістерді мемлекеттік қызметшілердің міндеттерін тиісінше орындауын қамтамасыз етуге және заң бұзушылықтардың алдын алуға бағытталғанын айтып отыр. 

Жарлық 19 мамырдан бастап күшіне енеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу