2024 жылдың жұмысын қорытындылайтын алқа отырысында ол саладағы бірқатар өзгеріске тоқталды, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Былтыр еліміз бойынша 15 мыңнан аса мемлекеттік қызметші түрлі тәртіптік жауаптылыққа тартылған.
– Мемлекеттік қызметшілердің антқа адал болуы негізгі ұстанымға айналуы тиіс. Әрбір мемлекеттік қызметші ант қабылдағанда адал, әділ және өз міндеттерін мінсіз орындауға уәде береді. Ант – қоғам алдындағы жеке міндеттеме мен жауапкершіліктің көрінісі. Ол қоғамға қызмет ету, ел мүдделерін қорғау және жоғары моральдық құндылыққа сәйкес әрекет ету міндетін жүктейді. Осыған орай мемлекеттік қызметшілердің ант мәтіні мен ант беру рәсімдерін жетілдіру бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуі керек, – деді агенттік төрағасы.
Алқа отырысында қызметтік әдеп нормаларын сақтамағаны үшін және мемлекеттік қызметке кір келтіретін әрекет жасағаны үшін тәртіптік жаза арқалағандар туралы сөз болды.
– Заңсыз қабылданған 100-ге жуық акті мен шешімнің күші жойылып, 760 азаматтың құқықтары қалпына келтірілді. Жалпы, 2024 жылы еліміз бойынша 15 мыңнан аса мемлекеттік қызметші түрлі тәртіптік жауаптылыққа тартылған. Қызметтік әдеп нормаларын сақтамағаны үшін – 310, ал мемлекеттік қызметке кір келтіретін әрекет жасағаны үшін 165 қызметші тәртіптік жауапқа тартылды, – деп атап өтті Д.Жазықбай.
Негізінен мемлекеттік қызметшілер арасында заңнамалардың бұзылуын алдын алуда Әдеп жөніндегі уәкілдер институтының нәтижелі жұмысы бар. Яғни, 2024 жылы Әдеп жөніндегі уәкілдер азаматтар мен мемлекеттік қызметшілерге 28 мыңнан астам консультативтік көмек көрсеткен.