Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Төрағасының орынбасары Салауат Мүксімов жеке мүдделер туралы декларацияға қатысты сұрақтарға жауап берді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Бұл декларация адамның өзі, жақын туыстары, қайын жұрты және мүдде қақтығысымен байланысты өзге де тұлғалардың жеке деректерін қамтиды. Мәлімет жеке деректерге қатысты болғандықтан, жария түрде қолжетімді болмайды. Декларация кадр қызметіне тапсырылады. Кейіннен кадр қызметі оны тиісті ақпараттық жүйеге енгізеді", – деді Салауат Мүксімов Сенат кулуарында.
Оның айтуынша, заң қабылданған сәттен бастап күшіне енеді.
"Жеке мүдделер туралы декларацияның нысаны мен оны толтыру тәртібі Үкімет қаулысымен бекітіледі. Оны әзірлеуге екі ай уақыт беріледі", – деді спикер.
Тілшілер "Демек декларацияны қыркүйектен бастап тапсыра ма?" деп нақтылады.
"Иә", – деп қысқа қайырды агенттік өкілі.
Айта кету керек, бұған дейін шенеуніктер енді тағы бір декларация тапсыруы мүмкін екенін жазғанбыз.