Атырауда мемлекеттік қызметшілерге арнайы емхана ашылғаны туралы ақпарат шындыққа жанаспайды, деп хабарлайды Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасы.
Басқарманың баспасөз қызметінің мәліметінше, Атыраудағы №7 емхана жанынан мемлекеттік қызметшілер медициналық көмек алатын үш кабинет ашылған.
Шаруашылық жүргізу құқындағы "7 қалалық емхана" мемлекеттік коммуналдық мекемесі "100 мектеп, 100 аурухана" бағдарламасы бойынша салынып, 2011 жылы пайдалануға берілген. Заманауи типтік емхана ауысымына 500 адамға арналған, тұрғындарды қабылдауға қажет барлық санитарлық талаптар мен нормаларға сай екі корпустан тұрады. Қазір бұл медициналық мекемеге Атырау қаласының 38 мың тұрғыны бекітілген.
"Емхана жаңа, учаскеге бекітілген тұрғындарға қызмет көрсетуге мүмкіндік бар. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшылығы қосымша үш кабинет бөлу туралы шешім шығарды. Ол жерде мемлекеттік қызметшілермен қатар жергілікті тұрғындар да медициналық көмек ала алады",-деп хабарлады басқарманың баспасөз қызметі.
Емханада мемлекеттік қызметшілердің терапевт пен кардиолог мамандардан тексеруден өтуі жоспарланып отыр. Осы санаттағы адамдар үшін процедура және қарау кабинеттері де жұмыс істейді. Емханада мемлекеттік қызметшілерге арналған стационар орнын басатын палата ұйымдастыру да жоспарда бар.