Бұл туралы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ОҚО бойынша департаменті басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Әли Көмекбаев мәлім етті.
"Жолдау жаңашылдықтары: Кәсіби мемлекеттік аппарат құру" атты баспасөз жиынында спикер мемлекеттік қызметтің мансаптық моделі мемлекеттік қызметке деген сенімді арттырып жатқанын айтып, бұл жүйе енгізілгелі қызметшілердің командалық ауысымы 4 есеге жуық төмендегенін жеткізді. Сәйкесінше, 2016 жылы мансаптық өсу негізінде лауазымында жоғарылағандар саны 2015 жылға қарағанда 12%-ға арттырылғанын айта келе, Әли Амантайұлы мемлекеттік қызметшілер үшін кері байланыс орнатып, сервистік қызмет атқаратын memkyzmet.kz көмекші сайты жұмысын бастағанын мәлімдеді.
"Қолданушылар сайтты смартфондарына мобильді қосымша арқылы жүктеп алып, кейін интернетке кірмей-ақ, жүргізіліп жатқан кешенді аттестаттау, мемлекеттік қызметке кіру тәртібін, бос орындар мен облыстың мемлекеттік органдары көрсетіп жатқан қызмет көрсету тізбесін, мемлекеттік қызмет алу үшін қажетті құжаттар тізбесін, заңнама жиынтығын және басқа да мәліметтерді алуына болады. Бұл интернет-ресурста "Аттестаттау 2017" арнайы айдары ашылған. Ол жерде мемлекеттік қызметшілерді кешенді аттестаттаудың толық мәліметінен басқа, әңгімелесу кезеңі бойынша әдістемелік ұсыным, жадынама, бейнеролик және басқа да пайдалы материалдар бар. Сайттың тағы бір ерекшелігі – "Онлайн үйрену тесті" айдарының ашылуы", – дейді Әли Көмекбаев.