Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2001 жылдың 29 тамызындағы №1127 қаулысына сәйкес мемлекеттік қызметкерлерге сыйақы төлеу, материалдық көмек көрсету, лауазымына қарай үстемеақылар белгілеу бюджет қаражатын үнемдеу есебінен ғана жүзеге асырылады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Министрліктің мәліметінше, аталған қаулы арқылы шығыс баптарының нақты тізбесі айқындалған. Олардың есебінен үнемдеу қалыптасқан жағдайда ғана сыйақы төленуі мүмкін (іссапарларға, коммуналды және көлік қызметтеріне, байланыс қызметтеріне, үй-жайларды жалға алуға және т.б. шығыстар бойынша үнемдеу).
"Бүгінде аталған қаулыға, сондай-ақ басқа да заңнамалық актілерге сыйақыларды шектейтін өзгерістер енгізілмегендіктен мемлекеттік қызметкерлерге сыйақыларды беруге тыйым салатындай негіз жоқ. Қаржы министрлігінің осыған дейінгі хабарламасында Үкімет қаулысының нормаларын бұлжытпай ұстану қажеттігі және бағдарлама әкімшілерінің қызметкерлерді тізбеде көрсетілгендерден бөлек бюджеттік баптардан қаражатты сыйақыға пайдалануға жол бермеу туралы айтылған болатын. Инвестициялық жобаларды іске асырудан және мемлекеттік аппараттың жұмысына әсер етпейтін материалдық активтерді сатып алудан үнемделген қаражат бюджетке қайтарылуға тиіс", – делінген хабарламада.