Соңғы жылдары Президенттік жастар кадрлық резерві бастамасы сәтті жүзеге асып келеді. Түрлі іріктеуден сүрінбей өткен жастар мемлекеттік қызмет саласындағы лауазымдық қызметтерге орналасты. Енді дәл осындай іріктеу өңірлерде өтпек, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Президенттік резерв тұтас ел көлемінде жүргізілсе, енді әр облыстың өз резерві құрылады. Павлодар облысынд мемлекеттік қызметте еңбек етуге ниетті 10 мықты маман іріктеліп алынбақ. Кейін олар "Б" корпусына кіретін әкімшілік мемлекеттік лауазымдарға орналаса алады.
"Іріктеуге жоғары білімі және кемінде үш жылдық еңбек тәжірибесі бар, 35 жасқа дейінгі кез келген жас азамат қатыса алады. Өңірлік кадрлық комиссия шамамен 10 адамды іріктеп алуды ұсынды. Кейін олар біліктілік талаптарына сай келер болса басшылық қызметтерге орналаса алады. Ал резервтің өзінде екі жыл болады", - дейді Павлодар облысы бойынша мемлекеттік қызмет істері департаментінің басшысы Ержан Қарымсақов.
Іріктеуге кез келген адам қатыса алады. Алдымен олар бірінші тур - onir.pkrezerv.gov.kz сайты арқылы 1-31 наурыз аралығында өтініш беріп үлгеруі тиіс. Одан соң департамент келесі кезеңге өтер-өтпейтіні туралы шешім шығарады. Кейін тағы төрт турдың сынағынан өтуі тиіс.
Биыл бірінші рет ұйымдастырылып отырған кадрлық іріктеуге іліккендер индустрия және өнеркәсіп, экономика және қаржы, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және инфрақұрылым, агроөнеркәсіптік кешен және жер қатынастары, әлеуметтік сала, экология, цифрландыру бағыттарының бірінде бақ сынайды.
Мұндайда жастарды бірінші кезекте жалақы көлемі қызықтыратыны белгілі. Ержан Қарымсақовтың сөзінше, облыстық деңгейдегі мемлекеттік қызметшілердің орташа жалақысы – 200-240 мың теңге. Ауылдық деңгейдегі мемлекеттік мекеме қызметшілерінің орташа айлығы – 160-180 мың теңге. Ал облыстық деңгейдегі басшылар айына 600 мың теңгеге дейін айлық алады.