Тиісті құжат "Ашық НҚА" порталында жарияланды, деп жазады inbusiness.kz.
Директордың бос немесе уақытша бос лауазымының міндеттерін орындау осы білім беру ұйымы басшысының орынбасарына немесе педагогіне конкурстық рәсімдер аяқталғанға дейін енді 6 айдан аспайтын мерзімге жүктелмек. Қолданыстағы заңнама шеңберінде бұл 3 айдан аспайтын мерзім деп көзделген.
Конкурс қорытындысы бойынша бірінші басшы 5 жыл мерзімге тағайындалады. Бұдан бөлек мемлекеттік мектеп директоры болып бір ұйымда 10 жыл жұмыс атқарған адам қайта директор лауазымына орналасу үшін конкурсқа қатыса алмайды деп көзделген.
Бұдан басқа құжатқа сәйкес мектеп директорының лауазымына конкурс өткiзу тәртібіне өзгерістер енгізілмек.
"Сыбайлас жемқорлық қылмыс және (немесе) қылмыстық құқық бұзушылық жасау және (немесе) Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес жұмысқа орналасуға тыйым салатын педагогикалық әдеп нормаларын бұзу туралы мәліметтер анықталған жағдайда кандидат кез келген кезеңде конкурстан шеттетіледі", - делінген жария талқылауға ұсынылған жаңа редакцияда.
Сертификаттаудан өту үшін тест тапсырмаларының саны енді 48 сұрақты құрайтын болады (қолданыстағы редакцияда 50 сұрақ).
"Мемлекеттік мектептің бірінші басшыларының кадр резервіне іріктеуге келесі өлшемшарттарға сәйкес келетін үміткерлер қатысады:
- Қазақстан Республикасы азаматы;
- 50 жасқа дейінгі азаматтар;
- жоғары педагогикалық немесе тиісті бейіні бойынша кәсіптік немесе жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар;
- кемінде 3 жыл педагогикалық жұмыс өтілі бар;
- педагог-сарапшыдан төмен емес біліктілік санаты немесе "үшінші біліктілік санатты басшысының орынбасары" немесе "екінші біліктілік санатты басшысының орынбасары" немесе "бірінші біліктілік санатты басшысының орынбасары" немесе "басшы-ұйымдастырушы" немесе "басшы-менеджер" немесе "басшы-көшбасшы" біліктілік санаты бар;
- соттылығы жоқ;
- медициналық қарсы көрсетілімдері жоқ, сондай-ақ психикалық, мінез-құлық, оның ішінде психоактивті заттарды қолдануына байланысты бұзылыстары (ауруларымен) жоқ, психикалық денсаулық саласында медициналық көмек көрсететін, халыққа наркологиялық көмек көрсететін ұйымдарда есепте тұрмауы тиіс", - делінген құжатта.
Үміткер магистр, PhD академиялық немесе ғылыми дәрежесі туралы, Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым және жоғары білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету Комитеті ұсынған Scopus индекстейтін журналдарда жарияланымдары бар педагогика немесе бейіндік бағыт бойынша ғылым кандидаты ғылыми дәрежесі туралы, "Болашақ" бағдарламасының түлектері туралы қосымша ақпаратты болған жағдайда ұсынады.
Құжатты көпшілік талқылау 19 шілдеге дейін жалғасады.