Павлодар қалалық қаржы бөлімінің бұрынғы қызметкері екі сыбайласымен бірге облыс орталығындағы коммуналдық тұрғын үй қорынан 3 пәтерді негізсіз жекешелендіріп, сатып жіберген, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Тергеу барысында қаржы бөлімінде бас маманы, заңгер мен олардың көмекшілері мемлекеттік тұрғын үй қорындағы үш пәтерді заңсыз жекешелендіріп алғаны анықталған. Олар Катаев, Бакинская және Бұқар жырау көшелерінің бойында орналасқан пәтерлерді сатқан. Мемлекетке келтірілген шығын көлемі 18 млн теңгеден асады.
Қылмыстық іс материалдары бойынша, бас маман қызметтік базалардан бос пәтерлерді тауып, кейін оларға қатысты жалған құжат дайындаған. Ал сыбайластары мемлекеттік қордан үй алуға құқылы адамдарды іздеген. Пәтерді оның атына аударған соң ақшаны алаяқтар алып, өзара бөлісіп отырған. Алайда, бұрынғы бас маман мұндай айыппен келіскен жоқ. Оның қорғаушысы экс-шенеунікке жала жабылды деген байламға келді.
"Айыпталушы ҚР қылмыстық кодексінің екі бабы бойынша кінәлі деп танылып, үш жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ өмір бойы мемлекеттік қызметте еңбек ету құқығы болмайды", – деп хабарлайды Павлодар қалалық № 2 сотының баспасөз қызметі.
Оның сыбайластары 3,5 жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ жыл сайын 100 сағат еңбек етуі тиіс. Сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.