Мемлекеттік органдар инвестициялық жобаларды пысықтау кезінде сылбыр – Премьер-министр

119

Экономиканың нақты секторын қаржыландыру – аса маңызды фактор.  

Мемлекеттік органдар инвестициялық жобаларды пысықтау кезінде сылбыр – Премьер-министр Фото: primeminister.kz

Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында инвестициялық жобаларды пысықтау кезінде мемлекеттік органдар сылбыр қимылдайтынын айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Экономиканың нақты секторын қаржыландыру – серпінді экономикалық өсудің аса маңызды факторы. Өндіріс, инфрақұрылым, агроөнеркәсіп кешені, көлік және энергетика салаларына ауқымды инвестициялар салынған жағдайда өсімді қамтамасыз ету мүмкін болмақ. Қазіргі таңда шешімін табуға тиіс бірқатар өзекті мәселелер бар. Бірінші – инвестициялық жобаларды пысықтау кезінде мемлекеттік органдардың сылбыр қимылы. Белсенді жұмыс байқалмайды",  деді Үкімет басшысы.

Олжас Бектеновтің айтуынша, ұзақ келісу рәсімдері мен бюрократиялық кедергілердің кесірінен немесе ведомствоаралық өзара байланыстардың жоқтығынан болашағы зор бастамалардың баяулап қалғаны байқалады.

"Жақында мен инвестициялық ахуалға арналған кеңес өткіздім. Көп уақыт бойы созылып келген сұрақтар сол арада бірден шешімін тапты. Барлық мемлекеттік органдар "бюрократияға мүлде жол жоқ" қағидаты бойынша жұмыс істеуге тиіс",   деді Премьер-министр.

Екінші мәселе – бизнеске берілетін ұзақ мерзімді кредиттердің жетіспеушілігі.

"Банктер қысқа мерзімді әрі тәуекелі аз кредит бергенді дұрыс көреді. Ал нақты секторға  қолжетімді және ұзақ мерзімді қаржы ресурстары қажет. Үшінші – мемлекеттік қаржы институттары мен екінші деңгейдегі банктер арасындағы бәсекелестік. Мемлекеттік даму институттары жобаларға негізінен өздері қаржы бөліп келеді. бұл  банктердің нақты секторға деген қызығушылығын төмендетеді",  деді ол.

Үкімет басшысы экономиканың нақты секторын қаржыландыруда басты рөлді екінші деңгейдегі банктер атқаруға тиіс екенін баса айтты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу