Мемлекеттік органдардың қызметкерлері жасанды интеллект құралдарына оқытылады

233

Жасанды интеллект бойынша білім беру бағдарламалары мен курстар жасалады. 

Мемлекеттік органдардың қызметкерлері жасанды интеллект құралдарына оқытылады Фото: gov.kz

Бұл туралы Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Президентіміз мемлекеттік басқару жүйесіндегі цифрлық трансформация экономика мен қоғамдық өмірдегі жаһандық өзгерістерге жәрдем беруге тиіс екенін атап өтті. Цифрлық технологиялар бізде қазірдің өзінде өнеркәсіп, экология, денсаулық сақтау, білім беру, жұмысқа орналастыру, әлеуметтік және құқықтық қолдау, салық секторы мен бизнес-ортада белсенді қолданылып келеді. Озық елдердің барлығы цифрландыру мен жасанды интеллектіні дамытуға жаппай инвестиция салып, өз стратегияларын жасауда. Бүгін   отандық цифрлық шешімдерді  іске асыру барысын көрдік. Бұл – келесі даму кезеңі, яғни біздің жасанды интеллект саласындағы жобаларымыздың алғашқы қадамдары",  деді Олжас Бектенов.

Нейрондық желілер арқылы біз тәуекелдерді және төтенше жағдайларды болжап, олардың алдын аламыз, деп жалғастырды ол.

"Сондай-ақ проактивті түрде әрекет етуге мүмкіндігіміз бар. Цифрлық трансформация кезінде жаңа цифрлық шешімдерді интеграциялау жұмысын жүргізуіміз керек. Бұл жұмыстардың барлығы Жасанды интеллектіні дамытудың 2029  жылға дейінгі тұжырымдамасы мен Жасанды интеллект туралы жаңа заң аясында жалғасатын болады. Осыған байланысты Үкімет қаулыларымен Цифрлық даму министрлігінің бұл жұмысты үйлестіру жөніндегі функцияларын күшейту, сондай-ақ цифрлық вице-министрлер үшін 2025  жылы орындалуға тиіс нақты міндеттер қою ұсынылып отыр. Қаулы жобалары алдын ала әзірленіп, барлық мүдделі мемлекеттік органдармен келісілген",  деді Үкімет басшысы.

Премьер-министр бірқатар мәселелерге тоқталды.

"Цифрлық даму министрлігіне өңір әкімдерімен бірге келесі жылы мемлекеттік органдардың қызметкерлерін жасанды интеллект құралдарына оқыту жөнінде шаралар қабылдауды тапсырамын. Ғылым және жоғары білім министрлігі жасанды интеллект бойынша  білім беру бағдарламалары мен курстарын дайындасын. Екіншіден, бүгінде азаматтардың көпшілігі жасанды интеллект туралы біле бермейді. Цифрлық қызметтердің дені қарапайым халық үшін күрделі. Оларды барынша оңайлату керек",  деді Бектенов.

Үкімет басшысы Цифрлық даму министрлігіне салалық министрліктермен бірге  қолданыстағы цифрлық шешімдерді одан әрі жетілдіруді тапсырды.

"Жасанды интеллектіні одан әрі дамыту үшін мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелеріндегі деректер қоры қолжетімді болуға тиіс. Бұл үшін   бірыңғай тәсілдер қажет. Цифрлық даму министрлігіне   мүдделі мемлекеттік органдармен   және әкімдіктермен бірге   деректерді жинау, сақтау   және қорғау жұмыстарын регламенттеуді тапсырамын. Ақпараттар дер кезінде беріліп,   өзекті әрі дұрыс болуға тиіс",  деді Премьер-министр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу