Мәжілістің жалпы отырысында ақпараттық қауіпсіздік мәселелеріне қатысты түзетулер бірінші оқылымда мақұлданды.
Заң жобасына депутаттар бастамашы болды. Бұл ақпаратты, оның ішінде жеке деректерді қорғаудың құқықтық базасын құру жұмысының жалғасы. Жоба үш блоктан тұрады.
Бірінші блок жеке деректерді қорғаудың қосымша шараларына арналған. Заң жобасы олардың айналымы мен сақталуы саласында мемлекеттік бақылауды енгізеді. Сонымен қатар бұл операторлармен профилактикалық жұмысты жолға қоюға мүмкіндік береді. Олардың әрқайсысы жеке деректердің жарияланып кетуі туралы ақпарат анықталған сәттен бастап 3 күн ішінде реттеушіге хабарлауы керек.
Екінші блокта "ақ хакерлер" институтын және бак-баунти платформасының қазақстандық аналогының жұмысын құқықтық реттеу ұсынылады. Бұл шара ақпараттық жүйе зерттеушілерін ақпараттық жүйе қателіктері мен осалдықтарын анықтауға тартуға ықпал етеді.
Заң жобасының үшінші блогы мемлекеттік органдардың ақпараттандыру объектілеріне ғана қызмет көрсететін мемлекеттік ақпараттық қауіпсіздік орталығын құруға арналған. Сонымен қатар мемлекеттік техникалық қызмет базасында бағдарламалық қамтамасыз етудің бастапқы кодтары репозиторийі құрылатын болады. Осылайша, ұсынылып отырған шаралар кешені мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінің қауіпсіздігін күшейтеді. Жалпы электрондық үкіметтің тұрақтылығын арттырады.