Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерінің тарихын әр жылдары Мемлекет басшысы қол қойған жарлықтар мен конституциялық заңнамалар түпнұсқасынан көруге болады. Олардың кейбірі бүгін еліміздің Президенті архивінде сақталған. Бұл туралы 24.kz хабарлайды.
Мемлекеттік рәміздер 25 жылда үш мәрте өзгерді. Алғашқы рәміздер туралы заңға 1992 жылы қол қойылды. Бұдан кейін де өзгертулер енгізілді. Мысалы, ту жиегіндегі ою-өрнектің қызыл реңі алтын түске ауыстырылды. Ал 10 жылдан кейін жаңа әнұран бекітілді. Оның негізі ретінде Шәмші Қалдаяқовтың "Менiң Қазақстаным" әні алынды. 1956 жылы жазылған ән мәтіні жаңа тарихи ақиқатқа бейімделді. Қазақстан Республикасының Тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі әнұран мәтініне жаңа өлең жолдарын қосты.
- Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздерінің соңғы нұсқасы ҚР Конституциялық заңымен 2007 жылы 4 маусымда қабылданған еді. Бұл соңғы нұсқаны таңдау жұмысшы тобының күрделі талқысынан өтті. Сол кезде мемлекеттің рәміздердің жүздеген жаңа нұсқасы ұсынылды. Ал қазір қолданылып жүрген рәміздер түбегейлі түрде қабылданды, - дейді ҚР президенті архивінің директоры Борис Жапаров.