Мемлекеттік рәміздер біздің еркіндігіміз бен бірлігімізді білдіреді

Әрі олар Қазақстанды басқа мемлекеттерден ерекшелеп тұрады.

Мемлекеттік рәміздер біздің еркіндігіміз бен бірлігімізді білдіреді Фото: halyqline.kz

Бұл туралы бізге журналист Әзиз Батырбеков айтып берді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

– Патриотизм деген не? Мұны әркім әрқалай түсінеді. Мен отанды дамытуға үлес қосуды, ел үшін еңбек етуді патриоттық сезім деп санаймын.

Жалпы, Қазақстан – жер көлемі жөнінен әлемдегі алдыңғы қатардағы мемлекеттің бірі. 200-ден аса мемлекет бар болса, жер көлемі жағынан еліміз 9-орында тұр.

Әр мемлекеттің туы, мемлекеттік әнұраны, елтаңбасы болады және шекарасы шегенделеді. Осылардың барлығы – біздің тәуелсіздігіміздің белгісі, мемлекеттің нышаны. Ал сол мемлекеттік рәміздерді құрметтеу – бүгінгі күні өмір сүріп отырған әрбір азаматтың міндетінің бірі.

Көк туымызды, елтаңбамызды көргенде, әнімізді естігенде, отанның келешегіне, елдің бүгініне-ертеңіне сенетін әрбір азаматтың кеудесінен бір мақтаныш сезімі билеуі керек. Себебі, мемлекеттік нышандар, мемлекеттік рәміздер – біздің еркіндігіміз бен бірлігімізді білдіреді, – деді ол.

Осы орайда, кейіпкеріміз ұлттық киім төңірегінде де әңгіме өрбітті.

– Біздің ұлттық киімдеріміз бар. Қазақты басқа жұрттан ерекшелеп тұратын бір атрибуттың бірі ғой. Шапан киеміз, бас киімнің де бірнеше түрі бар, ат әбзелдерінің де, әшекейлердің де. Соның бәрінің ұлттық атауы бар. Ұлттық киімді көп адам наурызда ғана киеді. Соны күнделікті, күнделікті болмаса да, бір аптасына бір, болмаса айына екі рет киіп тұрса, соның өзі – патриотизм. Ұлттық киімге, ұлттық нақышқа жанашырлық деуге болады. Өйткені, онда қазақтың ою-өрнектері бар.

Мысалға, шежіре туралы айтайықшы. Өзін қазақпын деп санайтын кез келген адамның жеті атасы болады. Қазақтар тарихты ауыздан-ауызға жеткізіп отырған. Шежірелерде әр әулеттің бір дәуірді қамтитын үлкен тарихы жатыр. "Сенің түген деген атаң би болған, оның заманында осындай-осындай адамдар өмір сүрген, төрелік, билік айтқан, пәлен деген атаң батыр болған, ол қазақ үшін шайқасқан" деген сияқты шежіресін айтқан кезде, жазған кезде, сондай дүниелер қалыптасады. Соның барлығын толық қамтып отырса, жеті атасынан бері қарай келе жатқан тарихты бәрі ұрпағына баяндар еді.

Мұны рудың шежіресі деп ғана қарамау керек, бұл рудың шежіресінде ұлтқа тән, ұлтқа байланысты тарих жатады. Сол тарихқа назар аудару керек. Сонда ұлттық тарихты, анасының тілін, бабасының салт-дәстүрін құрметтеп, мәдениетін, руханиятын, ділін, тілін құрметтеп өскен адам үлкенді сыйлап, кішіге ізет көрсетеді, – дейді Әзиз Батырбеков.

Кейіпкеріміздің сөзінше, ұлттық құндылықтар бізді басқа жұрттан, басқа халықтан, басқа елден ерекшелеп тұрады. Қазақтың қазақ екенін басқаларға көрсетеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу