Мемлекеттік сатып алу порталының қызметіне шетелдіктер қызығушылық танытуда

312

Өткен жылы мемлекеттік сатып алу порталы шамамен 4,6 млрд теңге тапты.

Мемлекеттік сатып алу порталының қызметіне шетелдіктер қызығушылық танытуда Фото: canva.com

Қаржы вице-министрі Дәурен Кеңбеил мемлекеттік сатып алу порталына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Тілшілер министрлік өкілінен "Мемлекеттік сатып алу порталын ұстауға қанша теңге кетеді?" деп сұрады.

"Сатып алулар порталының ақылы екені өздеріңізге белгілі. Сатып алу сомасына байланысты әртүрлі тариф бар. Бұл қаражат толық көлемде осы порталды күтіп ұстауға және сүйемелдеуге бағытталады. 2023 жылдың қорытындысы бойынша шамамен 4,6 млрд теңге жиналды, бұл қаражаттың барлығы порталды күтіп ұстауға кетті. Егер белгілі бір қаражат артылатын болса, онда ол дивиденд түрінде республикалық бюджет деңгейіне көтеріледі", - деп жауап берді Дәурен Кеңбеил.

Вице-министр портал ашық екенін баса айтты.

"Мемлекеттік сатып алу порталы 2022 жылдың қорытындысы бойынша әлемнің 109 елі арасында ақпараттың ашықтығы мен қолжетімділігі жөнінен үшінші орынға ие болды. Порталды жетілдіру бойынша жұмыс күн сайын жүргізіледі", - деп атап өтті ол.

Қаржы вице-министрі Дәурен Кеңбеил еліміздің мемлекеттік сатып алу порталының тәжірибесіне басқа мемлекеттер қызығушылық танытып жатқанын айтты.

"Қазір қызметтерді экспорттау бойынша белсенді жұмыс жүргізіліп жатыр. Тәжікстан, Армения, Беларусь біздің порталдың қалай жұмыс істейтініне қызығушылық танытып отыр. Мамандарымыз осы елдерге барып, порталдарды жетілдіруге көмектеседі", - деді вице-министр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу