Мемлекеттік сатып алу тәсілін айқындауда қаржы министрлігіне құзыреттілік берілмек

1086

Ал өнім берушіге "қаржылық тұрақтылық" деген жаңа біліктілік талабы белгіленеді. 

Мемлекеттік сатып алу тәсілін айқындауда қаржы министрлігіне құзыреттілік берілмек

Қаржы министрі Әлихан Смайыловтың айтуынша, мемлекеттік сатып алу саласында бірқатар өзгеріс орын алмақ, деп хабарлайды abctv.kz.
"Сатып алу қызметінің орталық органдары бірыңғай сатып алу құрылымдары негізінде қызмет атқаратын болады. Олар республикалық, облыстық және аудандық деңгейде жүзеге асырылады. Қазір бірыңғай сатып алу органдары арқылы сатып алынатын тауарлар, қызметтер бойынша облыстық, аудандық әкімдіктер өз тізбесін бекітеді. Қаржы министрлігі олардың сатып алуын айқындайды. Осылайша орталық сатып алу қызметтерінің жұмыстары нақты белгіленеді. Бұдан бөлек, заң жобасында бірнеше сатып алуды бір ірі лотқа біріктіруге мүмкіндік беретін нормалар көзделген. Бұл саланы стандарттауға және бизнестің өндірістік қуатын ауқымды көлемде жүктеуге мүмкіндік береді", – дейді Әлихан Смайылов.
Әлихан Смайыловтың сөзінше, құрылыс саласындағы мемлекеттік сатып алуларды жетілдіру қажет. Осы орайда, сатып алу тәсілін айқындау бойынша қаржы министрлігіне құзыреттілік берілмек. Бұл құрылыс саласында сатып алуды алдын ала біліктілікті іріктеумен жүргізілетін конкурс тәсілі арқылы ғана жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Осындай қадам құрылысты тездетіп, оның сапасын арттырады. Себебі сатып алуға тек білікті компаниялар қатысады. "Бұдан бөлек, өнім берушіге "қаржылық тұрақтылық" деген жаңа біліктілік талабы белгіленеді. Ол төленген салықтардың және айналымдағы қаражаттың деңгейі, сондай-ақ еңбекақыны төлеу қоры секілді параметрлер арқылы анықталады. Бұл ақпарат автоматты түрде мемлекеттік кірістер комитетінің жүйесінен алынады", – деді ведомство басшысы.

Еске сала кетсек, мәжілістің кешегі жалпы отырысында "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік сатып алу және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің сатып алу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы талқыланып, бірінші оқылымда мақұлданған болатын.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу