2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік сатып алулар және квазимемлекеттік сектор нысандарын сатып алу мәселелері жөнінде өзгерістер енгізу туралы" заң күшіне енеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Мемлекеттік сатып алу веб-порталы аталмыш құжаттағы жаңа талаптарды жария етті. Заңдағы ең негізгі жаңалық - мемлекеттік сатып алулар веб-порталын пайдаланудың ақылы түрге ауысуы. 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекеттік сатып алулар веб-порталын пайдалану (порталға кіру) қызметін әлеуетті жеткізуші ақылы негізде көрсетеді.
Осыған байланысты, мемлекеттік сатып алулар веб-порталына кіруді әлеуетті жеткізуші тиісті шарт жасалып, қызметтердің ақысы төленген соң қамтамасыз етеді.
Сонымен қатар, қызметтің құны өтініштің ең жоғары құны (қатысу үшін жеткізуші таңдаған лоттардың жоспарлы сомасынан) немесе жасалып отырған шарт (шарттың жоспарлы сомасынан) негізінде жасалады, шектеу әрбір өтінішке және шартқа жеке қолданылады (төленген кезең барысында берілетін өтініштер мен шарттардың саны шектелмейді). Қызметке жылына бір рет төленеді.
"Электрондық коммерция орталығы" АҚ ақша аудару арқылы төлеу үшін реквизиттерін ұсынды.
Қызмет көрсетуді мейлінше бейімдірек ету үшін мемлекеттік сатып алулар веб-порталындағы жеке кабинеттерде "электронды әмиян" ашылып, оған ақшалай қаражаттар аударылады, осы әмияннан қызметтерге ақы төлеуге болады.
Еске сала кетсек, ҚР президенті Нұрсұлтан Назарбаев 27 желтоқсанда мемлекеттік сатып алуларды жетілдіруге бағытталған заңға қол қойды. Ал, ҚР қаржы министрлігі аталмыш құжатқа қандай толықтырулар енгізілгенін түсіндіріп берген еді.