Шартты жеңілдіктерді есептеу кезінде аумақтық белгі мен теріс мәндер түріндегі конкурстық баға ұсынысына әсер ететін қосымша өлшемшарттар ескеріледі. Бұл ретте жұмыстарды орындау аумағында тіркелген өнім берушіге 1% мөлшерінде шартты жеңілдік берілетін болады, деп жазады inbusiness.kz Қаржы министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"Аумақтық белгі техникалық-экономикалық негіздемені, жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу және ведомстводан тыс кешенді сараптама жөніндегі жұмыстарды қоспағанда, құрылыспен байланысты емес жұмыстар және құрылыс-монтаждау жұмыстары бойынша 400 мың АЕК-ке дейінгі мемлекеттік сатып алуға қолданылатын болады. Бұл өлшемшарт шағын және орта бизнесті дамытуға және қолдауға, сондай-ақ тиісті өңірде салық түсімдерін ұлғайтуға ықпал етеді", - делінген хабарламада.
Ақпаратқа сәйкес, биылғы қаржы жылында жасалған мемлекеттік сатып алу туралы шарты бар әлеуетті өнім берушіден әрбір шарт үшін жалпы шартты жеңілдіктің 0,1% алынатын болады.
"Теріс мәндер құрылыс-монтаждау жұмыстарына, ведомстводан тыс кешенді сараптама, ТЭН, ЖСҚ әзірлеу жөніндегі жұмыстарына және инжинирингтік қызметтерге қолданылады. Бұл жаңашылдықтар құрылыс нарығын монополиясыздандыруға және бәсекелестікті дамытуға мүмкіндік береді", - делінген министрлік таратқан мәліметте