Былтыр Павлодар облысына мемлекеттік қазынадан барлығы 483,1 млрд теңге бөлінген болатын. Алайда оның 475,1 млрд теңгесі ғана игерілді, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Облыстық қаржы басқармасының басшысы Жеңіс Шақатовтың мәліметінше, жыл қорытындысы бойынша игерілген қаражат көлемі 98,3%-ды құрады.
Бұл ретте игерілмеген 8 млрд теңгенің басым бөлігі білім (544,8 млн теңге) және құрылыс (183,5 млн теңге) салаларындағы ауқымды кейбір жобаларға бөлінген-ді. Олар уақытылы аяқталмағандықтан, қаржылық міндеттер дер кезінде орындалған жоқ. Атап айтқанда, Торайғыр, Сарышығанақ, Жетекші, Лекер, Е. Бекмаханов атындағы ауылдарда мектеп құрылыстары бойынша, сондай-ақ, Успен ауданының Ольгино және Қаратай, Баянауыл ауданының Күркелі, Железин ауданының Моисеевка ауылдарында су құбырларының сыртқы желілерін салу бойынша жұмыстар созбалаңға салынған.
Ал сот процестеріне байланысты 1,7 млрд теңге игерілмей қалды.
"Соңғы жылдардағы тәжірибе көрсеткендей, сот процестері мемлекеттік конкурсқа кей қатысушылардың олардың нәтижесімен келіспеуіне байланысты болады. Бұл ретте соттың шешімімен келісімшарт жасаудан бастап төлем жүргізуге дейінгі процедуралар тоқтатылды", - дейді қаржы басқармасының өкілдері.
Айта кетейік, биыл облыстық бюджет 387,5 млрд теңгені құрап отыр.