"Мемлекеттік тіл – Тәуелсіздік символы" республикалық байқауының жеңімпаздары анықталды

217

Байқауға елдің 11 өңірінен келген түрлі этнос өкілдері қатысты.

"Мемлекеттік тіл – Тәуелсіздік символы" республикалық байқауының жеңімпаздары анықталды

2025 жылдың 7 қарашасында Шымкент қаласында "Мемлекеттік тіл – Тәуелсіздік символы" республикалық байқауы өтті. Шараны Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Тіл саясаты комитеті ұйымдастырды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Байқауға елдің 11 өңірінен келген түрлі этнос өкілдері қатысты. Ерекше атап өтерлігі — барлық қатысушылар Қазақстан Қарулы Күштерінің әскери қызметшілері және қазақ тілін еркін меңгерген азаматтар.

Байқаудың басты мақсаты — мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, қазақ тілінің ұлттар арасындағы қарым-қатынас тілі ретіндегі мәртебесін нығайту және мемлекеттік тілде еркін сөйлейтін, қоғамдық белсенді азаматтарды ынталандыру болды.

Төрт кезеңнен тұрған сайыс барысында қатысушылар қазақ тілінде шығармашылық таныстыру жасап, берілген тақырыптарды ашып көрсетті. Сонымен қатар қазақтың мақал-мәтелдері мен тұрақты тіркестері бойынша білімдерін сынады.

Қазылар алқасы құрамында филолог-ғалымдар, әскери қызметкерлер мен қоғам қайраткерлері болды. Сарапшылар қатысушылардың тілдік деңгейін, ой ұшқырлығын және сахналық шеберлігін бағалап, төмендегідей шешім шығарды:

Гран-при – Кудратилла Үтепов (Жамбыл облысы);

І орын – Ильгар Ахметов (Шымкент қаласы);

ІІ орын – Александр Сон (Жетісу облысы);

ІІІ орын – Владислав Шегай (Қызылорда облысы);

ІІІ орын – Зульяр Асматулаев (Солтүстік Қазақстан облысы).

Айта кетейік, өткен жылы бұл байқаудың Гран-при иегері Қарағанды облысынан келген Владислава Горизанова болған еді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу