Мемлекеттік тілді меңгерген халық үлесі артты

947

Мемлекеттік тілді меңгерген халық үлесі артты

2016 жылы Қазақстанда мемлекеттік тілді меңгерген халықтың үлесі 82 пайызға жетті. Мұны премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен үкімет отырысында мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы баяндады, деп хабарлайды үкімет басшысының баспасөз қызметі.

Министр 2014 жылы мемлекеттік тілді меңгерген халық үлесі 72,1% болса, 2015 жылы 76,3%-ға жеткен. Қазір "Қазтест" жүйесі негізінде қазақ тілін білу деңгейін анықтау жыл сайын артып келеді. 2016 жылы тестілеуден өткендердің жалпы саны – 73732 адамға, оның ішінде мемлекеттік қызметшілер саны шамамен 40000 адамға (53,5%) жеткен. 

"Мемлекеттік бағдарлама аясында 2014-2016 жылдар аралығында оқу-әдістемелік құралдар, әлем әдебиеті классиктерінің шығармалары, танымдық, ғылыми-публицистикалық, балаларға арналған кітаптар және т.б. қоса алғанда, барлығы шамамен 88 баспа жобасы жарық көрді. Оның ішінде өзге тілдерде шығарылған жобалар саны – 24. Сонымен қатар мемлекеттік тілді үйретудің жаңа әдістемелері "Қазақ сөзі" оқу құралдары әзірленді", – дейді Арыстанбек Мұхамедиұлы.

Өткен жылдың қорытындысында орталық және жергілікті атқарушы органдардағы мемлекеттік тілдегі құжат айналымының үлесі 91% болды. Сонымен қатар елімізде 87 аймақтық қазақ тілін оқыту орталығы жұмыс істейді.

"Дегенмен статистикалық-есеп және қаржылық құжаттамалардың мемлекеттік тілге ауыспау фактілері бар", – дейді министр.

Еске сала кетейік, Қазақстанда тіл саясаты "Қазақстан Республикасындағы тіл туралы" заңына, тіл қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына сәйкес жүзеге асырылады.

Бүгінгі күні бағдарламаның екінші кезеңін жүзеге асыру жұмысы аяқталды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу