Бүгін үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті жандандыру үшін қолға алынған шаралар туралы айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz.
"Рәсімдерді оңайлату мақсатында заңнамалық түрде бекітілген жаңа құрал бар. Ол "Бағдарламалық мемлекеттік-жекешелік әріптестік" деп аталады. Енді мемлекеттік-жекеменшік әріптестік рәсімдерін салалық мемлекеттік бағдарламаларда қарастыруға болады. Бұл құрал білім және ғылым министрлігінде қолданылуда. Атап айтқанда, білім беруді дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында жоғары оқу орындары мен колледждердің жатақханаларын салу жобалары іске асырылуда. Бұл тәжірибені денсаулық сақтау, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, туризм және басқа да салаларда қолдануға болады", – дейді Руслан Дәленов.
Қолға алынған шараның бірі – дайын жобалар фабрикасы.
"Инвесторларды тарту үшін орталық және жергілікті атқарушы органдар тарапынан ақпараттың ашықтығы қажет. Осыған байланысты жобаларды инвесторлар үшін қолжетімді болуы үшін бірыңғай форматта орналастыру ұсынылады. Бұл әлеуетті инвесторларды хабарландыруға мүмкіндік береді", – дейді министр.
Үшінші шара – халықаралық сарапшылардың соңғы ұсынымдарын имплементациялау. Осы орайда, халықаралық сарапшылар қоғамдастығымен бірлесіп, валюталық тәуекелдерді төмендету, ірі жобалар үшін халықаралық төрелік ұсыну, консорциумдар үшін мүмкіндіктерді кеңейту, жекеменшік әріптестің шығындарын өтеу рәсімдерін жеңілдету жөніндегі заңнамалық түзетулер пысықталуда.