"Мемлекеттің тісі батпай отыр": Депутат рейстерді кешіктіріп, билеттерді қайтармайтын әуе компаниялар туралы айтты

265

Енді рейстерді кешіктіргені үшін авиакомпаниялар ғана емес, әуежайлар да жауапкершілікке тартылуы мүмкін.

"Мемлекеттің тісі батпай отыр": Депутат рейстерді кешіктіріп, билеттерді қайтармайтын әуе компаниялар туралы айтты Фото: canva.com

Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек азаматтық авиация саласындағы мәселені көтерді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Мәжіліс қабырғасында "Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы" Заң жобасы мен оған ілеспе құжат қаралып жатыр.

"Жалпы бұл заң жобасы тұтынушылардың құқықтарын қорғайды, механизмдері бар. Өз басым бұл заң жобасын қолдаймын. Сұрағыма келсек, тұтынушылардың құқықтары қорғалмаған, тапталып отырған салалардың бірі – азаматтық авиация. Air Astana, FlyArystan сияқты компаниялардың бассыздығы, заңсыздығы, былықтарының кесірінен халық шаршады, мемлекеттің тісі батпай отыр. Өкінішке қарай, билеттерді қайтармайды, рейстерді кейінге қалдырады, сорақысы – мүгедектігі бар азаматтар мен  жасөспірімдерді рейстен қалдырып отыр. Кезінде лоббистердің ісімен мынау тексерістердің бәрін тұтынушылардың қорғау саласында алып тастады. Мынау лоббистер әлі де күшінде. Олар енді онсыз да көтерілген билеттің құнын қайтадан көтеруге тырысып жатыр. Бәлкім бұл жерде мәселе халықаралық конвенцияда шығар. Кезінде Варшава конвенциясына қосылғанбыз, бірақ ол құжатта тетіктер жоқ. Мүмкін ол конвенциядан шығып, Монреаль конвенциясына қосылу керек шығар. Әуежай мен әуекомпания басшылықтарын рейстерді кейінге қалдыруға байланысты осы заң жобасы аясында мүліктік жауапкершілікке тарту жоспарда бар ма, жоқ па?", - деп сұрады Бақытжан Базарбек заң жобасын әзірлеген министрлікке.

Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев депутат көтерген мәселе өте өзекті екенін жасырмады.

"Екінші сұрақтан бастайын. Сіз дұрыс айттыңыз, ақшаны қайтармау үшін мүмкіншілік болды. Қазіргі заңда кемшін тұс бар, біз оны алып тастадық. Енді мынау заң жобасымен біздің құзыретіміз кеңейеді, енді бұл мәселе бізге қарайтын болады. Екіншіден, жүз пайыз ақшаны қайтармаймыз деген мүмкіндікті жаңа заң жобасында алып тастадық. Ондай мүмкіншілік заң ретінде оларда болмайды", - деді ведомство басшысы.

Өз кезегінде Мәжілістің пленарлы отырысына қатысқан Көлік министрлігінің өкілі Қазақстан 2015 жылы Монреаль конвенциясын ратификациялағанын айтты. 

"Құжат жолаушыларды тасымалдау тетіктерін қарастырады. Бүгінде біз сол конвенцияның аясында жұмыс істеп жатырмыз. Рейстерді кешіктерген кезде немесе рейстер болмай қалған жағдайда жаңадан өзгерістер енгізу бойынша жұмыс жасалып жатыр. Бүгінде рейстерді кешіктіргені үшін енді тек қана авиакомпаниялар ғана емес, әуежайлардың да жауапкершілігін қарауды қарастырып жатырмыз. Неге десек, кейбір уақытта әуежайлардың өздерінің дайындығы болмай қалған жағдайлар да бар. Мүгедек адамдар, балаларға, жүкті әйелдерге дұрыс қызмет көрсетпеген жағдайда оларға айыппұлдар салу пакеті дайындалды. Осындай айыппұлдар әуе компаниялар мен әуежайлардың басшылығына беру жөнінде дайындалған түзетулеріміз бар. Олармен сіздерге келетін боламыз", - деді министрлік өкілі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу