Мемлекет басшысы түрлі жаһандық түйткілдерді шешу ісіне Сингапур дипломатиясының елеулі үлес қосып отырғанын айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
– Сингапур 2015 жылы ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин мен Тайванның бұрынғы Президенті Ма Инцзю арасындағы бүкіл әлем көз тіккен кездесуді және АҚШ пен Солтүстік Корея арасындағы тарихи саммитті ұйымдастыруға ұйытқы болды. Біз мұны өте жоғары бағалаймыз, – деді Президент.
Әйтсе де Мемлекет басшысы тиімді жұмыс істейтін көпжақты ынтымақтастық жүйесін дауларды бейбіт жолмен шешуге тырысқан ешқандай "ізгі амал" алмастыра алмайды деп санайды.
– Біз соғысты тоқтатуға тырысқаннан гөрі, оның алдын алуға тиіспіз. Ондаған жылдар бұрын біз Қырғи-қабақ соғыстан кейінгі жылымық кезеңді соншалықты үмітпен қарсы алдық, мүмкіндіктер мен өркениет жетістіктеріне толы келешекті көзімізге елестеттік. Алайда бүгінгі қара бұлттай үйірілген қауіп-қатер мен тұла бойыңды тітіркендіретін мазасыздық сезімі осы сәулелі ойға көлеңке түсіргендей көрінеді. Көпжақты институттардың абырой-беделін қалпына келтіріп, мультилатерализмге тың серпін беру үшін оларды жаңғыртқан жөн. Оны көптен бері пісіп-жетілген БҰҰ реформасынан бастау керек. Қауіпсіздік Кеңесіне жан-жақты реформа жүргізбейінше, біз бұл міндетті орындай алмаймыз. Бұл – кейінге қалдыруға болмайтын әрі адамзат баласының басым бөлігінің мүддесімен сай келетін уақыт талабы. Орта державалар мен дамушы елдердің Кеңестегі үні анық естілуі қажет. Мен бұған кәміл сенемін, – деді Президент.
Қазақстан Президенті биыл қыркүйек айында өтетін БҰҰ-ның Келешек саммиті қарсаңында әлемдік қоғамдастықты өзара кеңесу және инклюзивтілік қағидаттарына негізделген көпжақты ұстаным туралы ойлануға үндеді.
– Қазақстан көпжақты ұстанымға бейіл екенін білдіруге қашанда әзір. Биыл біз Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Түркі мемлекеттері ұйымы, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы, Азық-түлік қауіпсіздік жөніндегі Ислам ұйымы және Халықаралық Аралды құтқару қоры секілді алты халықаралық құрылымға төрағалық етеміз. Жаһандық басқару жүйесінің осал тұстары айдай анық, ол ешкімге құпия емес. СOVID-19 пандемиясы елдердің ортақ проблеманы еңсеру үшін "қабырға тұрғызбай, көпір салуы" қажет екенін көрсетті. Осы түйткілдердің ішіндегі ең қорқыныштысы – ядролық қатер. Қазақстан – ядролық қарудан әбден зардап шеккен ел. Осы себепті біз ядролық қарудан ада әлем үшін күресімізді тоқтатпаймыз, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, көпұлтты және көпконфессиялы қоғам Қазақстан мен Сингапурдың ұтымды тұсы саналады.
– Былтыр қыркүйек айында "The Jerusalem Post" басылымында "Діндер көшбасшылары бүкіл әлемде бейбітшілік орнауына ықпал ете алады" деген мақалам жарық көрді. Бейбітшілік мәдениеті тек бірлігіміз әралуандықта және өзара құрмет қағидаларына ғана негізделе алады. Бұл ретте Қазақстан бастамасымен ұйымдастырылатын Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының сьезі диалогты дамыту және ортақ құндылықтарды насихаттау үшін бірегей алаңға айналды. Біз Сингапурдың Бірлігі жарасқан қоғам халықаралық конференциясын өткізу жөніндегі бастамасын (ICCS) құптаймыз. 2022 жылы сәуір айында мен Медиативті келісімдер туралы Сингапур конвенциясын ратификациялаған Заңға қол қойдым. Бұл трансшекаралық мойындау процесінің тиімділігін арттырады және бітімгерлік реттеу туралы келісімнің орындалуын қамтамасыз етеді, – деді Президент.