Мен 10 жылға жуық пәтер кезегінде тұрдым – Нұрсұлтан Назарбаев

547

Мен 10 жылға жуық пәтер кезегінде тұрдым – Нұрсұлтан Назарбаев

Мемлекет басшысы жоспардан тыс жұмыс сапары барысында елорданың оң жағалауындағы теміржол вокзалының қызметімен танысып, вокзал маңындағы алаңда қала қонақтарымен және тұрғындармен кездесті, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Нұрсұлтан Назарбаев "Сарыарқа" ауданының тұрғындарымен әңгімелесіп, оларға табыс пен бақ-береке тіледі, сондай-ақ қаланың коммуналды шаруашылық саласы қызметінің жұмысы туралы ойларын тыңдады.

"Мен жас маман ретінде 10 жылға жуық пәтер кезегінде тұрдым. Қазір заман басқа. Ұмтылыссыз ештеңеге қол жетпейді. Табысқа жету үшін жатпай, тұрмай жұмыс істеу қажет, сонда ғана еңбектің жемісін тата аласыздар", – деді елбасы "Сарыарқа" ауданындағы тұрғын үй кешенінің бірінің тұрғындарымен әңгімелесу барысында.

Қазақстан президенті қаланың қысқы маусымнан кейінгі жағдайының жақсы екеніне тоқталып, шаһардың қызмет көрсету мекемелері жұмысының нәтижелерін және елорданы абаттандыру, тазалықты сақтау жұмысын жалғастыру қажет екенін айтты.

Мемлекет басшысы автомобиль жолдарындағы кептеліс проблемалары мен көлік қоятын орындардың жетіспеушілігіне назар аударды.

"Жолда көлік өте көп. Қала басшылығы бұл мәселені шешудің жолын қарастыруы керек. Қажет болған жағдайда, шетелдік тәжірибе зерттелуге тиіс. Сонымен қатар түрлі ғимараттардың, сауда үйлері мен дүкендердің иелері әріптестерімен бірлесіп, өз аумағындағы тазалық пен тәртіпті қамтамасыз етуі қажет", – дейді елбасы.

Нұрсұлтан Назарбаев қаланың "ЭКСПО-2017" халықаралық көрмесіне уақтылы дайындығының маңыздылығын айтып, барлық тұрғындарды елорданы көгалдандыру ісіне белсене атсалысуға шақырды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу