Мен дәрі жарнамасына қарсымын – Елжан Біртанов

965

Биологиялық қоспаларды дәрі ретінде жарнамалау белең алып тұр.

Мен дәрі жарнамасына қарсымын – Елжан Біртанов Фото: primeminister.kz

БАҚ өкілдерімен кездескен Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов дәрі-дәрмекті телеарналар арқылы жарнамалауға қатысты көзқарасын айтты.

"Бүгінде рецептпен сатылатын дәрі-дәрмекті жарнамалауға онсыз да тыйым салынған. Рецептсіз босатылатын дәрі мен биологиялық қоспаларды жарнамалауға болады. Егер менің жеке көзқарасыма келсек,  дәріні теледидар арқылы жарнамалауға қарсымын. Мен жалпы дәрігер ретінде өз бетімен емделуге қарсымын. Өкінішке қарай, дәрі-дәрмек туралы бір де бір ақылға қонымды, обьективті жарнама көрген жоқпын. Мұны ішсең, бүкіл ауруыңнан айығасың деген сияқты уәделерге сеніп, адамдар дәрі екен деп алады. Шын мәнінде ол биологиялық қоспа ғана болып шығады. Мен мұны көпе-көрнеу адастыру деп санаймын", – деген министр медициналық өнімді жарнамалау дәрігердің жұмысына араласумен бірдей деген ой айтты. 

"Негізі әр жарнамаға сараптама жасалуы керек. Заңнама аясында талқылануы тиіс. Әзірге нақты шешім жоқ. Кодекс жобасының аясында пікірталас жүріп жатыр. Әрине, телеарналар үшін бұл елеулі кіріс көзі. Бірақ бірінші орында әдеп пен қауіпсіздікті ойлауымыз керек. Сондықтан, дәрі-дәрмек жарнамасын жандандырудың қажеті жоқ деген пікірдемін. Дәріні жарнамалау дәрігер пышағы мен инені жарнамалаумен бірдей. Дәрі-дәрмек дәрігердің қатысуымен қабылданады. Қай ауруға қандай дәрі ем екенін дәрігер шешіп, сол үшін жауапкершілік арқалауы керек", – деді ведомство басшысы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу