Нұрсұлтан Назарбаев: Мен ешқайда кеткен жоқпын

2114

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстандағы тәртіпсіздіктер кезінде ешқайда кетпегенін мәлімдеді, деп хабарлайды inbusiness.kz. 

Нұрсұлтан Назарбаев: Мен ешқайда кеткен жоқпын

Оның айтуынша, қаңтардағы оқиғалар Қазақстанды дүр сілкіндірді. 

"Қазақстанға жасалған шабуыл мен тәртіпсіздіктердің мақсаты елдің тұтастығы мен мемлекет іргетасын бұзу болды. Бұл оқиғалар тәуелсіздікті көздің қарашығындай сақтау керегін көрсетті", – деді Елбасы.

Ол елдегі қайғылы оқиғалар бәрімізге сабақ болғанын атап өтті. 

"Бұл бүлікті кімдер ұйымдастырғанын, адамды кімдер өлтіргенін анықтау керек. Тергеу бұл сұраққа жауап береді. Қаза болғандардың туыстары мен жақындарына шын жүректен көңіл айтамын, ал зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуін тілеймін", – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сондай-ақ тұңғыш Президент тәртіпсіздіктер кезінде ешқайда кетпегенін айтты.

"Маған қатысты көптеген өтінішке және бұқаралық ақпарат құралдарындағы жарияланымдарға жауап берейін. Мен 2019 жылы Президент өкілеттігін Қасым-Жомарт Тоқаевқа бергенімді және сол уақыттан бері зейнеткер екенімді, бүгінде Қазақстанның астанасында құрметті демалыста екенімді және ешқайда кетпегенімді хабарлаймын", – деді Назарбаев.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу