Алдағы екі жылда бұл ауылдарда медициналық және фельдшерлік-акушерлік бөлімшелер салынып, қажетті құрал-жабдықпен толық қамтамасыз етіледі.
Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында айтылды.
"Мен келесі жылдан бастап ұлттық жобаны жүзеге асыруды тапсырдым. Бұл құжат, ең алдымен, ауыл тұрғындарының сұранысын қанағаттандыруға арналған", – деді Президент.
Осылайша, мемлекет бір миллионнан астам адамның алғашқы медициналық-санитарлық көмек алуына мүмкіндік жасамақ.
"Ұлттық жоба аясында 32 аудандық аурухана заманға сай жаңарып, енді ауданаралық көпбейінді мекемеге айналады. Онда инсульттен емдеу орталықтары, хирургия, жансақтау және оңалту бөлімдері ашылады. Бұл төрт миллионнан астам адамға көрсетілетін медициналық қызметтің сапасын арттырады. Сонымен қатар телемедицина бағытын дамытамыз. Сол арқылы шалғайда тұратын халыққа сапалы медициналық қызмет көрсетілетін болады", – деді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ Жолдауда дәрігерлер дайындау жүйесін жетілдіру туралы сөз болды.
Президент медициналық жоғары оқу орындарының жанынан көпбейінді ауруханалар және клиникалар ашып, алдағы үш жылда резидентураға бөлінетін грант саны 70 пайызға көбейетінін айтты.