"Мені Алланың құдіреті ғана құтқарды": Руслан Берденов өзіне оқ атқан адамды жазалауды сұрады

Сот процесінде айыпталушы Ернар Жиембайға сөз берілді.   

"Мені Алланың құдіреті ғана құтқарды": Руслан Берденов өзіне оқ атқан адамды жазалауды сұрады Фото: time.kz

Ол Шымкент қаласы әкімінің орынбасарынан қайта-қайта кешірім сұрады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

– Сізден кешірім сұраймын, деніңізге саулық тілеймін! Осындай оқыс оқиға болып қалды. Өлтіргім келмеді. Өлтіруге ниетім де болған жоқ. Сізді сыйлаймын, құрметтеймін. Осы оқиға болса да, болмаса да, сізді өмірімнің соңына дейін құрметтеймін. Алла жазса, бостандыққа шықсам, ер жігіт ретінде алдыңызға келіп кешірім сұраймын, – деп сөзін бастады ол. 

Десе де, Руслан Берденов айыпталушының "өлтіру ниетім болған жоқ" деген сөзіне қарсы шықты. Әрі өз денсаулығынан хабар беріп өтті. 

– Сенің алғашқы атқан оғың тура басыма бағытталды. Бұл бейнематериалдардан да көрініп тұр. "Өлтіргім келмеді" дегенің – жалған әңгіме. Мені Алланың құдіреті ғана құтқарды. Өкпемнің 20 пайызы алынып тасталды, бауырымды шашып, қайта жинады, бес сағат бойы ота жасалды, – деді жәбірленуші. 

Ернар Жиембай Руслан Берденовке бір ғана өтініші барын айтып, өз кінәсін мойындады. 

– Руслан Арысбекұлы, сізден кешірім сұраймын! Менің кесірімнен екі отбасы, бала-шағамыз жауласып кетпесінші. Өтінішім сол ғана. Темір тордың аржағына кетіп барамын. Кінәлі менмін, – деді ол.

Осыған дейін Руслан Берденовтың сотта онлайн жауап бергенін жазған болатынбыз. 

Одан соң ол өзіне оқ жаудырған сәтті алғаш рет айтып берген еді. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу