Әлеуметтік желіде көшеде дөрекі мінез көрсеткен қыздың видеосы тарады. Бейнежазбадан қыз бен жігіттің көшеде жүргенін көруге болады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Бойжеткен әкесі Қарасай ауданының басшысы екенін айтып, айғайлай бастайды.
"Сен менің әкемнің кім екенін білесің бе? Қарасай ауданының бастығы. Аудандық ішкі істер басқармасы", - деп бақырды ол видеоны түсіріп тұрған адамға.
Алматы облыстық полиция департаменті видеодағы жайтқа түсінік берді.
"Бұл жағдай Алматы облысы аумағында болған жоқ. Сонымен қатар, бейнежазбадағы қыздың сөздері шындыққа жанаспайды. Ол аудандық полиция басқармасы бастығының қызы емес, оның балаларының ең үлкені небәрі 7 жаста", - деді Алматы облысы ПД бөлім басшысы Ернар Сайдильдин.
Белгілі болғандай, видео Алматы көшелерінің бірінде түсірілген.
"Алмалы аудандық полиция басқармасының қызметкерлері құқық бұзушыларға ҚР заңнамасына сәйкес шара қабылдады. Оларға қатысты қоғамдық орында мас күйінде жүру және тыныштықты бұзу деректері бойынша әкімшілік материалдар жиналды. Мас ер адам медициналық айықтырғышқа жеткізілді", - деп хабарлады Алматы полиция департаментінің баспасөз қызметінен.