Маңғыстау облысында 5 тамыз күні арнайы жаттығу кезінде парашюті ашылмай қалып, қазір ауыр халде жатқан әскери қызметкердің анасы мәлімдеме жасады. Ол алдымен болған жағдайға баласының кінәлі еместігін айтады.
"Басшыларының айтуынша, менің ұлым бұйрыққа бағынбаған. Бұйрықты беретін әскери қызметкердің қолында мегафон болуы керек. Бірақ, бұл құрал олардың қолында болмаған. Ұлымның парашютінде бір арқан болмаған. Қазір парашют тергеушінің кабинетінде жатыр. Сараптама әлі тағайындалған жоқ. Оған уақытында көмек те көрсетілген жоқ", – деп наразы Күлжаһан Жамауова.
Оның айтуынша, қазіргі күні оның ұлын арнайы аппаратпен емдеу үшін күніне 500 мың теңге жұмсалады. Оны төлеуде негізгі күш әскери қызметкердің жақындарына түсіп отыр. Билік тарапынан әзірге ешқандай көмек көрсетілмеген. Бұған қоса, гемодиализ жасайтін аппарат осы оқиғадан кейін үш күн өткен соң барып табылған. Одан кейін, құрылғымен жұмыс істей алатын маман табу да уақыт алыпты.
"Осылайша, тиесілі көмекті тек 8 тамыз күні алдық. Ұлыма операция жасалды. Кейін оны аппаратқа қостық", – дейді Күлжаһан Жамауова.
Құралай Қуатова