Менингиттің таралуына Алматыдағы зертхананың қатысы жоқ - Елжан Біртанов

887

Менингиттің таралуына Алматыдағы зертхананың қатысы жоқ -  Елжан Біртанов

Алматыдағы орталық референс-зертхананың қызметі мен менингиттің таралуы арасында ешқандай байланыс жоқ. Бұл туралы ҚР денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Біртанов орталық референс-зертхана Қазақ зоонетикалық аурулар институтының базасында жұмыс істейтінін айтты. Аталған ғылыми орталықтың ашылғанына біраз болған, онда осы уақыт бойы Қазақстан аумағында таралған аса қауіпті инфекциялардың штаммдары сақталған. 

"Шынымен де, америкалық әріптестердің көмегімен қауіпсіздігі жоғары заманауи зертхана салынды. Енді сол штаммдар қауіпсіз жерде сақталады. Менингит штаммына қатысты айтар болсам, бұл халық арасында күнделікті айналып жүретін штаммдар. Олар зертханада сақталуы тиіс аса қауіпті инфекция санатына жатпайды. Аталған референс-зертханада вирус таралатындай төтенше жағдай болған жоқ", — деді Біртанов Астанада өткен баспасөз мәслихатында. 

Айта кетсек, Алматыдағы орталық референс-зертханада оба, Сібір жарасы, бруцеллез секілді аса қауіпті жұқпалы аурулар, соңғы жылдары шет мемлекеттерде пайда болған Зико, Мерс және Эбола сынды вирустар да зерттеледі. Аса қауіпті патогендер зертханада барлық халықаралық және отандық стандартпен сақталады. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу