Әділет министрлігі Меншік иелері бірлестігі құру және оны тіркеу шеңберінде электрондық дауыс беру бойынша пилоттық жобаға бастамашылық жасады. Бұл туралы Әділет вице-министрі Бекболат Молдабеков айтты.
"Жоба тұрғындардың қолын жинауға және МИБ-ті тіркеуге қатысты барлық даулы мәселелерді шешуге мүмкіндік береді. МИБ төрағасын тіркеу онлайн режимде жүргізіледі. Мобильді қосымша арқылы азаматтарға ыңғайлы болуына қарай биометрия немесе ЭЦҚ арқылы қол қойылады. Біз ЭЦҚ тізімін тексереміз. Басқа азаматтар сіздің үйіңізге дауыс бере алмайды. Біз осы ТК-да тұратын тұрғындарды база бойынша тексеретін боламыз", - деді спикер онлайн брифинг барысында.
Бұл ретте меншік иелері бірлестігі бұрын пәтер иелерінің кооперативі деп аталғанын атап өткен жөн.