Мердігер компания керекулік кәсіпкерлерді миллиондап шығынға батырды

310

Тендер ұтқан мердігерге қатысты шағым Мәжілісте қаралды.

Мердігер компания керекулік кәсіпкерлерді миллиондап шығынға батырды Фото: Inbusiness.kz

2022 жылы Павлодар облысында ондаған тендерді ұтып алған компания, әлі күнге дейін жұмыс атқарған мердігерлерге ақшасын төлемей жүр. Салдарынан керекулік кәсіпкерлер млн-дап шығынға батып отыр, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты.

Белгілі болғандай Түркістандық кәсіпорын тек қана Павлодардың емес, еліміздің бірқатар өңірінде осындай оғаш қылықтарымен көзге түскен көрінеді. Мемлекеттік сатып алу заңын сапырып жүрген мердігерге тоқтам бола ма?

"ГрадСтройСервис" компаниясы өткен жылы Павлодар облысында мектеп, мәдениет үйі секілді ондаған әлеуметтік нысанға күрделі жөндеу жұмыстарын ұтып алды. Десе де, қосалқы мердігер арқылы жергілікті кәсіпкерлердің көмегіне жүгінді. Бірақ, осы уақытқа дейін толық есеп айырыспаған.

"Біз "ГрадСтройСервистің" қосалқы мердігерімен келісімшарт жасастық. Біздің міндетіміз электр құрылғыларын жеткізіп беру болатын. Бірнеше партиямен тауарды жеткізіп бердік. Бірақ соның біреуі бойынша әлі күнге бізге төлем жасаған жоқ. Бір млн 700 мың теңгеден асады", - деді кәсіпкер Андрей Даниленко.

Ал, Эльдар Галиевтің алашағы 11 млн теңге. Ол Ақсу қаласы мен Сарышығанақ ауылындағы мектеп аумағына асфальт төсеген.

"Өзімізге жүктелген жұмыстың бәрін сапалы әрі дер кезінде орындадық. Олар қабылдау актісіне қол қойды. Бірақ та осы күнге дейін әлі толық төлем жасаған жоқ", - дейді кәсіпкер Эльдар Галиев.

Сарышығанақ демекші, бұл ауыл мектебінің күрделі жөндеуі былтыр басталып биыл көктемде әзер бітті. Оны "Атамекен" телеарнасы бірнеше мәрте көрсетті. Жалпы, өткен жылы "ГрадСтройСервис" компаниясы Павлодар облысында атқарған жұмыстарының көбісін мерзімінен кешіктірді. Тек, Кереку емес республика көлемінде жүздеген тендер ұтқан мердігерге қатысты шағым көп екен. Оны дүйсенбі күнгі Мәжілістегі Үкімет сағатында сөз етті.

"Мынау "ГрадСтройСервис" деген құрылыс компаниясы туралы елімізде өте үлкен шағымдар бар. Мұнда сіздер 102 шарт бар деп берген екенсіздер бізге жеткен ақпарат бойынша 370 астам келісімшарттары бар дейді млрд-таған суммаға. Енді осындай компаниялардың осынша құрылысты алып жүретін техникалары да жұмыс күші де болмай жатады. Көбінесе субмердігерлерді алып алады да содан кейін көптеген ондаған құрылыс нысандары еліміз бойынша уақытынан кешігіп сапасынан ақсап жатқан жайы бар", - деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Жарқынбек Амантайұлы.

Түркістандық мердігер компаниядан зардап шеккен керекулік кәсіпкерлер саны бесеу. Жалпы шығын сомасы 50 млн теңгеге жуықтайды.

"Егер компания есеп шотында еш қаражаты болмай келісімшартқа отыратын болса ол алаяқтық деп саналады. "ГрадСтройСервис" ұтқан тендерлердің көбінде АDS-N GROUP компаниясы қосалқы мердігер екен. Ал, оның бір ғана қызметкерінен басқа түгі жоқ. Осының өзі күдік тудырады", - дейді адвокат Алмагүл Бахралинова.

"ГрадСтройСервис" компаниясының өкіліне хабарласқан едік, біздің журналист екенімізді естіген соң телефон тұтқасын тастай салды. Павлодарлық кәсіпкерлер прокуратураға және басқа да құзырлы органдарға ұжымдық шағым түсіріп жатыр. Келтірілген залалдың орнын толтыру үшін сотқа дейін баруға әзір.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу