Қарағанды облысында мердігер мекеме мемлекетке 40 млн теңге төлеп беретін болды. Жол жөндеу жұмыстарын сапасыз жүргізген мекемеге қатысты осындай шешім қабылданған, деп хабарлайды Atameken Business.
Сондай-ақ компания бұзылған жолды қайта жөндеп шығуға міндеттеліп отыр.
"Биыл жөндеп үлгерсе үлгерді, ал үлгермесе біз тапсырыс беруші ретінде қатаң шараларды қолданамыз. Демек сотқа жүгінеміз. Одан кейін ол компанияны жауапсыз мердігер компания деп тануымыз мүмкін",– дейді "КазАвтоЖол" ҰК Бөлім басшысы Аманбай Жәкеев.
Айта кетейік "Дорстрой ЛТД" өткен жылы жолға орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу бойынша тендер ұтып алған. Алайда қазір Қарағанды-Павлодар тас жолының Корнеевка ауылының маңындағы бөлігі жарамсыз күйге түскен. Арнайы тексеріс жүргізген мамандар жолдың бұзылуына ауыр жүк көліктерінің көп қатынауы себеп болғанын айтады.
"Ауыр жүк көліктерінің барлығы осы жолмен жүреді. 2017 жылы Үміткерге дейінгі жол өте жақсы жағдайда еді. Ал өткен жылы ол да жарамсыз күйге түсті. Ең басты проблема ол – жүк көліктері. Олар артық жүк тиеп жүреді",– дейді "Дорстрой ЛТД" ЖШС директоры Сымбат Әубәкіров.