"Мердігерлер орындалмаған жұмыс үшін ақы алған": Жамбыл облысында миллиардтар желге ұшты

72

ҚР Жоғары аудиторлық палатасы Жамбыл облысында жүргізілген мемлекеттік аудиттің қорытындысын жариялады.  

"Мердігерлер орындалмаған жұмыс үшін ақы алған": Жамбыл облысында миллиардтар желге ұшты Фото: seamservices.com

Жоғары аудиторлық палата жүргізген аудит барысында бюджеттік жоспарлау, мемлекеттік сатып алу, инвестициялық жобаларды басқару, сондай-ақ "Тараз" ӘКК" АҚ қызметінде бірқатар заңбұзушылық пен кемшілік анықталды, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Жамбыл облысы республикалық бюджеттен түсетін түсімдерге тәуелді өңірлерге жатады. 2020-2024 жылдары бюджеттен түсімдер орта есеппен 80%-ды құрады. Осы кезеңде трансферттер 344 млрд теңгеден 521 млрд теңгеге дейін 51% өскен. Ал 38 млрд теңгеден астам сомаға бюджет қаражатын игермеу фактілеріне жол берілген.

Өңірді дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған бағдарламасында Тараз қаласында тазарту құрылыстарының болмауы, тұрғын үй алуға кезекте тұрғандар санының өсуі және суармалы жерлерде су үнемдеу технологияларын енгізу деңгейінің төмендігі сияқты бірқатар маңызды және өзекті проблеманы шешу жөніндегі көрсеткіштер мен іс-шаралар қамтылмаған.

Мемлекеттік сатып алу саласында Тараз қаласының құрылыс және тұрғын жай-коммуналдық шаруашылық бөлімдерінің "қызмет бабында пайдалану үшін" деген грифі бар шарт жасасудың ерекше тәртібін негізсіз қолдану фактілері анықталды. Бұл адал бәсекелестікті шектеуге алып келеді. Сонымен қатар үлестес компаниялармен шарттар жасасу жағдайлары бар.

Аудиторлар Тараз қаласында және облыста инвестициялық жобалардың іске асырылуы нашар бақыланатынын атап өтеді. Мердігерлерге орындалмаған жұмыс үшін ақы төлеу және әлі өтелмеген берешектері бола тұра аванс беру фактілері орын алған.

"Мысалы, Тараз қаласының ТКШ бөлімі биыл маусым айында қалалық автожолдарды орташа жөндеу бойынша екі жобаға 537 млн теңгеден астам төлем жасаған, бірақ 70 күн өтсе де жұмыс басталмаған. Аталған жұмыс тамыз айында аудит жүргізу нәтижесінде ғана басталды.

Жамбыл облысы Шу ауданының 18 елді мекеніне жеткізілетін газ құбырын салудың нормативтік мерзімі екі жыл болса да, алты жылдан астам уақыт бойы аяқталмай келеді. Нәтижесінде 8,2 млрд теңге игерілмей, жоғары тұрған бюджетке қайтарылған, яғни қаражат тиімсіз пайдаланылған”, – дейді аудиторлық тексерістің қорытындысында.

"Тараз" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының даму жоспарында Қоғам қызметінің тиімділігін арттыруға бағытталған көрсеткіштер жоқ. Сондай-ақ 2024 жылғы желтоқсанда бекітілген көрсеткіштер саны 18-ден 5 бірлікке дейін қысқартылып, ал қалғандары бойынша индикаторлар нақты қол жеткізілген нәтижелерге дейін түзетілген.

Жалпы аудит қорытындысы бойынша:

  • 58,5 млрд теңгеге қаржылық бұзушылықтар анықталды, оның 47,1 млрд теңгесі бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік саласындағы бұзушылықтар;
  • 75,6 млрд теңге тиімсіз жоспарланылған және пайдаланылған.
Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу