"Мерейлі отбасы" ұлттық конкурсы мәресіне жетті

472

Астанада "Мерейлі отбасы" ұлттық конкурсының жеңімпаздары марапатталды.

"Мерейлі отбасы" ұлттық конкурсы мәресіне жетті Фото: tengrinews.kz

Жыл сайынғы дәстүрге айналған шараға еліміз бойынша 3 мыңнан астам отбасы қатысқан. Бүгін түрлі кәсіп пен еңбек әулеттерінен құралған 20 отбасы жеңімпаз атанды. Отбасы құндылықтарын насихаттауға арналған шарадан тілші материалы.

Биыл 10 рет өткізіліп отырған шараның бірінші кезеңі әр өңірде өтті. Олардың қатарында ұстаздар, қолөнершілер, металлургтер, әскери қызметшілер, кәсіпкерлер, агроөнеркәсіп саласының мамандары бар. Іріктеу турынан өткендер арасында Абай облысында тұратын Досымбаевтар отбасы да бар.

"Төбем бір елі көкке жетпей тұр. Себебі менің еңбек жолымды, балаларға берген тәрбиемді осы бүкіл қазақстанға әйгілі қылып, атымды шығарып жатқанына ұйымдастырушыларға ризамын", - деді өңірлік байқау жеңімпазы Қайратбек Досымбаев.

Марапаттау рәсіміне әр өңірде жеңімпаз атанған отбасылар шақырылған. Олар дипломдармен және естелік сыйлықтармен марапатталды. Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы Аида Балаева байқау жеңімпаздарына Мемлекет басшысының құттықтауын жеткізді.

"Бұл - төл құндылықтарымызды дәріптеп, ұлттың жаңа сапасын қалыптастыруға жол ашатын, маңызды жоба. Әр аймақтағы отбасыларды жобаға белсенді қатысуынан елімізде береке-бірлігі жарасқан құтты шаңырақтардың аз еместігіне көз жеткіздік. Баршаңызға зор денсаулық бақ-береке тілеймін, Қасым-Жомарт Тоқаев", - деп оқып берді ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева.

Конкурсқа 10 жыл ішінде еліміздің барлық өңірінен 20 мыңнан астам отбасы қатысқан. Осылайша "Мерейлі отбасы" байқауы жанұя құндылықтарының рөлін арттырып, үлгілі шаңырақтарды дәріптейтін ауқымды шараға айналып отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу