Мемлекет басшысы былтырдан бері мереке қарсаңында журналистерге пәтер кілтін табыстауды дәстүрге айналғанын айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Бұл үрдіс биыл да, алдағы уақытта да жалғаса береді.
"Біз ұлттық журналистиканың бай шежіресін, тағылымды дәстүрін мақтан тұтамыз. Жиырмасыншы ғасыр басындағы қазақ зиялылары баспасөзге түгел атсалысты. Олар бұл салаға ағартушылық сипат берді. Аға буынның осы сара жолын лайықты жалғастыру қажет.
Ақпарат құралдары – халықтың үні, ұлттың жаршысы, бұқараның рухани тірегі. Сондықтан журналистердің кәсіби тұрғыдан мықты болуы өте маңызды, бұл, тіпті, шешуші дүние.
Журналистеріміздің көбі – жоғары деңгейдегі мамандар, олар елге адал, отаншыл азаматтар. Бұл мәселе бойынша ешқандай күмән жоқ. Осы миссияны сіздер абыроймен атқарып келесіздер.
Кез келген еңбек бағалануға тиіс. Өркениетті қоғам масс-медиа майталмандарын ерекше қадірлейді. Жыл сайын елімізде үздік журналистерге сыйлықтар табысталады. Бұл – қалыптасқан дәстүр.
Бүгін ортамызда осы салада жарты ғасырға жуық қызмет атқарған азаматтар бар. Аймақтағы журналистиканың көшін бастаған тұлғалар да аз емес. Осы жиынға әр облыстың бұқаралық ақпарат өкілдерін арнайы шақырдық. Бір сөзбен, бұл жерде нағыз майталман мамандар отыр. Сондықтан мен ақпарат саласына ерекше еңбек сіңірген бір топ азаматты мемлекеттік наградамен марапаттау туралы шешім қабылдадым.
Бұдан бөлек, былтырдан бері мереке қарсаңында журналистерге пәтер кілтін табыстауды дәстүрге айналдырдық. Бұл үрдіс биыл да, алдағы уақытта да жалғаса береді", - деді Тоқаев.