Аталған мәселе Қазақстан Республикасы Көлік вице-министрі Талғат Ластаевтың төрағалығымен өткен кеңесте талқыланды, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Жиынға Air Astana, FlyArystan, SCAT, VietJet Qazaqstan әуе компанияларының, сондай-ақ Астана және Алматы қалалары әуежайларының басшылығы қатысты.
Мерекелік күндері жолаушылар сұранысын толық қамтамасыз ету мақсатында Астана – Алматы, Алматы – Орал, Алматы – Семей, Астана – Түркістан, Астана – Ақтөбе, Алматы – Ақтау, Алматы – Ақтөбе және Астана – Шымкент бағыттары бойынша барлығы 100 қосымша рейс ұйымдастыру жоспарланып отыр.
Кеңес қорытындысы бойынша мынадай тапсырмалар берілді:
- Қазақстанның Авиациялық әкімшілігінің авиациялық инспекторларына мерекелік күндері мониторингтік топтар құрып, жолаушылардың құқықтарын қорғау және рейстердің уақтылы орындалуын қамтамасыз ету мақсатында Астана және Алматы қалаларындағы ірі әуежайларда болу тапсырылды.
- Әуе компаниялары мен әуежайларға:
- үздіксіз жұмысты қамтамасыз ету үшін әуе кемелерінің резервін және қосымша жерүсті техникасын қарастыру;
- персонал құрамын тәжірибелі мамандармен күшейтіп, рейстер кешіктірілген жағдайда жолаушыларға қызмет көрсету аясында ыстық тамақ пен сусындардың берілуін қамтамасыз ету;
- рейстердің кешігуі жағдайында жолаушыларды ресми сайттар, әлеуметтік желілер, мобильді қосымшалар, әуежайлардағы ақпараттық таблолар және бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жедел хабардар ету.