Бұл сұраққа Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жауап берді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Негізінен, мереке немесе демалыс күндері еңбек еткен қызметкерлерге жоғары мөлшерде төлем қарастырылған.
Еңбек кодексінің 79-бабына сәйкес, жұмыс беруші бөлек есепке алуы тиіс жайттар бар. Олар – үстеме жұмыс сағаттары, түнгі уақыттағы еңбек, демалыс және мереке күндеріндегі жұмыс және іссапар кезінде болған уақыт.
Шыны керек, ауысыммен жұмыс істейтіндердің арасында жаңа жылды жұмыста қарсы алатындар бар. Осы орайда, түнгі кезекшілікте уақыт өткізетіндер де кездеседі. Заң бойынша, түнгі жұмысқа еңбекақы қалай төленуі керек?
Еңбек кодексінің 110-бабына сай, түнгі уақытта атқарылған әрбір сағат үшін еңбекақы кемінде 1,5 есе болып есептеледі.
Егер де жұмыс мереке немесе демалыс күніне тура келсе, мынадай төлем төленіп, үстеме ақша қосылуы тиіс:
– сол күнгі жұмыс үшін 1,5 еселік төлем,
– түнгі сағаттар үшін оған қосымша 0,5 еселік үстеме қосылады.
Қорыта әрі нақты айтқанда, мереке күні түнгі уақытта жұмыс істеген адамға еңбекақы 2 есе мөлшерге дейін өсуі ықтимал.