Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі “Қазақстан Республикасындағы мереке күндерінің тізбесін бекіту туралы” Үкімет қаулысына өзгерістер дайындады.
Әкімшілік реформа аясында ел Үкіметі өз өкілеттіктерінің белгілі бір бөлігін министрліктер мен мемлекеттік органдарға берген болатын.
Жаңа өзгерістерге сәйкес, кәсіби мерекелерді қоспағанда, мереке күндерінің тізбесін ел Үкіметі белгілейді. Кәсіби мерекелердің тізбесін еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган бекітеді.
Құжатты ашық талқылау 19 мамырға дейін жалғасады деп көрсетілген.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің нормативтік құжаттарымен Медицина күні, Мұғалімдер күні, Мәдениет және өнер қызметкерлері күні, Полиция күні, Кеншілер күні, Ғылым қызметкерлері күні, Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің күні және т.б. кәсіби мерекелерді бекітілмек.
Үкімет бекіткен Қазақстан Республикасындағы мереке күндерінің тізбесінде келесі мерекелер қалады:
- Ауғанстан Демократиялық Республикасынан Кеңес әскерлерінің шектеулі контингентінің шығарылған күні – 15 ақпан;
- Алғыс айту күні – 1 наурыз;
- Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні – 31 мамыр;
- Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері күні – 4 маусым;
- Ұлттық домбыра күні – шілденің бірінші жексенбісі;
- Абай күні– 10 тамыз
- Спорт күні – тамыздың үшінші жексенбісі;
- Семей ядролық сынақ полигонының жабылған күні – 29 тамыз;
- Білім күні – 1 қыркүйек;
- Отбасы күні – қыркүйектің екінші жексенбісі;
- Қазақстан халқы тілдері күні – 5 қыркүйек;
- Еңбек күні – қыркүйектің соңғы жексенбісі;
- Қарттар күні – 1 қазан;
- Нан күні – 16 қазан;
- Энергия үнемдеу күні – 11 қараша;
- Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні – 1 желтоқсан.