Ішкі істер министрлігінде қазір 11 мыңнан астам қыз-келіншек жұмыс істейді. Марапат алғандардың ішінде қаржы пирамидасының серкелерін құрықтағандар да бар.
Алтынай Жолымбекованың ішкі істер органында қызмет еткеніне 20 жылға жуықтапты. Қарапайым қатардағы қызметкерден майор шеніне дейін жеткен. Мамандығының арқасында халыққа көмегі тиіп жүр, жүрген ортасына да сыйлы. 2018 жылы "Индиго 24" қаржы пирамидасын құрушыларға қатысты іске жауапты болады. Жан-жақтағы әріптестерімен бірлесіп, 950 томдық қылмыстық істі тергеп, сотқа жөнелтті.
"Бұл үлкен қоғамдағы резонанс тудырды. Жалпы материалдық шығыны 3 млрд тан аса болды. Тергеушілердің төзімділігі мен сабырлылығы, қажырлылығының арқасында осы қылмыстық істі аяқтап сотқа жолдадық", дейді Түркістан облысы ПД аға тергеушісі Алтынай Жолымбекова.
Кейіпкеріміз қазір үш бала тәрбиелеп, отбасын ұйытып отырған ардақты ана. Жұмыс барысында қиыншылық та болғанын жасырмайды. Дегенмен қызметі темір торға түскен әйелдерді тергеу ісінде көп көмегі тигенін айтады.
"Үкім шыққанша қобалжып жүреміз әр іске. Әр істе әр адамның тағдыры қалай болады екен деп. Онымен бірге өзіміздің жанұямыз отбасымыз бар. Ұл қыздарымызға көңіл бөлуіміз керек. Тәрбие беруіміз керек. Ана махаббаты, мейірімі деген бар", дейді Түркістан облысы ПД тергеушісі Алтынай Жолымбекова.
Қазір ішкі істер органдарында 11 мыңға жуық әйел жұмыс істейді. Олар көбіне участкелік полиция, әкімшілік саласында қызмет етеді. Мейрам қарсаңында министр еңбегімен еленген аруларды құттықтады.
"Сақшы болып, жұмысты халықтың игілігіне жасайтын қызметке орналасып жұмыс істеудің өзі бір ерлік. Сондықтан осы ішкі істер құрамында жұмыс істеп жатқан арулардың бәрін мен батыр қыздар деп есептеймін", дейді ҚР Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов.
Мереке қарсаңында құзырлы органда қызмет ететін қыз-келіншектерді марапаттау дәстүрге айналған. Биыл да салтанатты шара өтті. Барлық құрмет өмірін қатерге тігіп, халықтың алғысын алып жүрген полициядағы нәзік жандарға арналды.