Меркі ауданында 100-ден астам жоба жүзеге асырылуда

545

Жобалардың құны – 6,1 миллиард теңге.

Меркі ауданында 100-ден астам жоба жүзеге асырылуда

Жамбыл облысының әкімі жұмыс сапарымен Меркі ауданына барып, жөндеу-құрылыс жұмыстарының жүзеге асыру барысымен танысты, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Биылғы жылы Меркі ауданында әртүрлі мемлекеттік даму бағдарламалары аясында 108 жобаны іске асыруға 6,1 миллиард теңге бөлінді. Ұзындығы 140 шақырымды құрайтын 147 көшені жөндеу, бір мектеп салу, төрт мектепке күрделі, үш мектепке ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда. Сондай-ақ, мәдениет және спорт, жарықтарындыру, елдімекендерге су құбырын тарту және газдандыру бойынша түрлі жобалар көзделген.

"Жұмыспен қамтудың жол картасы" бағдарламасы аясында №11 орта мектебінің ғимаратына күрделі жөндеу және сейсмикалық күшейту жұмыстары жүргізілуде. Мектеп іргесі 1976 жылы қаланған десек, бүгінде оның айтарлықтай тозғандығы байқалады.

"Мектеп директоры техникалық қадағалаумен бірге жөндеу жұмыстарының сапасын үнемі бақылап, кемшіліктерді анықтап, көрсетіп отыруы тиіс. Жаңа оқу жылында балалар заманауи және жайлы мектептің табалдырығын аттауы тиіс", – деді облыс әкімі.

Гранитогорск ауылында 300-ге жуық үй бар болса, онда 1 200-ден астам адам тұруда. №8 ауыл мектебі 1952 жылы салынған. 205 бала оқитын бір қабатты білім ошағында асхана, спорт және акт залдары жоқ. Осы мәселені шешу үшін "Жұмыспен қамтудың жол картасы" бағдарламасы бойынша 120 орындық жаңа мектептің құрылысы басталған. Жобаның құны – 500 миллион теңгеден асады.

Сондай-ақ Бердібек Сапарбаев фельдшерлік-акушерлік амбулатория мен балалар шағын орталығын аралап, мектепке дейінгі мекеме аумағының ретсіз көрінісін сынға алды.

"Көптеген мекемелер уақытша карантинге жабылған кезді тиімді пайдаланған абзал. Айталық, балабақша аумағын абаттандыру, ойын алаңын ретке келтіру секілді жұмыстарды атқарып алу керек. Дәретхана әлі күнге дейін сыртта орналасқан. Сонда, балабақша ғимаратында жылы дәретхана орнату қиын ба?", – деп ескерту жасады аймақ басшысы.

Жалпы, Меркі ауданында сумен жабдықтау бойынша 7 жоба жүзеге асырылуда десек, Сарымолдаев, Т. Рысқұлов және Қостоған ауылдарына таза ауыз су құбыры тартылып, Қызылқыстақ, Қазақдиқан және Кентай ауылдарындағы су желілері ағымдағы жөндеуден өтеді.

Аудан орталығында аймақ басшысы Меркі-2 көшесіндегі автомобиль жолының құрылыс барысымен танысып, жұмыс сапасын мұқият қадағалауды талап етті.

Меркі ауылындағы жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылыс алаңында болған аймақ басшысы жоба шығындарын оңтайландыру мәселесін қарастыруды тапсырды.

Сонымен қатар, Бердібек Сапарбаев 70-жылдары салынған Ойтал және Жеміс-Жидек ауылдарындағы орта мектептердің күрделі жөндеу жұмыстарын тексерді.

Облыс әкімі мердігерлерді құрылыс жұмыстарын сапалы орындауға, салынып жатқан нысандардың дизайнынына айрықша назар аударуға шақырды.

"Ғимараттардың қасбетін заманауи үлгіде безендіру керек. Сонымен қатар, сыртқы көріністі ғана емес, ішкі әрлеуде де балаларға жағымды эмоция сыйлайтын, білім мен тәртіптің деңгейін арттыруға ықпал ететін элементтерге көңіл бөлген ләзім", – деп атап өтті Сапарбаев.

Жұмыс сапарын қорытындылай келе, аймақ басшысы аудан әкіміне жөндеу-құрылыс жұмыстарын жүргізу барысын ерекше бақылауда ұстауды тапсырды.

"Меркі ауданы тұрғындарының мәселелерін шешуге 6 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді. Оған автожолдар мен әлеуметтік нысандар салу және жөндеу, сумен жабдықтау, электрмен жабдықтау және газдандыру шаралары атқарылатын болады. Меркіліктер көп ұзамай оң өзгерістерді сезіне бастайды. Ол үшін бюджет қаражатын ұтымды пайдалану қажет. Бұл мемлекет қызметінің тиімділігінің ең жақсы көрсеткіші болмақ", – деп қорытындылады аймақ басшысы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу