"Меркур таундағы" қылмыс: Күзетшіні өлтірген бұзақы депутаттың ұлы болып шықты

2226

Ол бұған дейін 55 жастағы диспетчер әйелдің шашынан сүйреген екен.      

"Меркур таундағы" қылмыс: Күзетшіні өлтірген бұзақы депутаттың ұлы болып шықты Фото: Видеодан скриншот

Алматыдағы "Меркур таун" тұрғын үй кешеніндегі сұмдық оқиғаға қатысты осы кешеннің пәтер иелері кооперативі түсініктеме берді, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Күзетшіні өлтірген адам ішіп алғанда ешкімге дес бермей, ата-анасы үнемі көмек сұраған. Осы жолы да ол мас күйінде мәшинені айдап кетпекші болған екен.

"Біздің күзетші Нұрбол шығып қайда кеткенін қарады. Сол кезде машинасымен қайтып келді. Аулаға кірген соң, Нұрбол қақпаны жауып жатыр еді, анау қатты жылдамдықпен үш рет оны басып өтті. Көлігінен шығып, басына шөлмекті ұрып сындырды. Сосын үстіне шығып секірді", - дейді ПИК қызметкерлері Tengrinews.kz сайтына берген сұхбатта.

Тұрғындардың айтуынша, бұған дейін де бірнеше рет полиция шақыруға тура келген. "Бірақ, неге екенін, оған түк болмайтын" деседі.

"Екі-үш ай бұрын диспетчерді соққыға жықты. 55 жастағы әйелді шашынан сүйреді. Ол наркоман, есірткіге елтігенде қаңғыбастарды өзімен бірге ертіп келеді. Біз кіргізбейміз, сонда есікті бұзып, лифтіні тебе бастайтын. Диспетчер ескерту жасағаны үшін таяқ жеді. Бұған дейін басқа күзетшіні тұншықтырды. Ол жұмыстан шығып кетті. Біз құқық қорғау органдарына арыз жаздық, бірақ бір рет те жауап алмадық", - дейді "Меркур таун" ПИК қызметкерлері.

Алматыдағы "Меркур Таун" тұрғын үй кешенінде болған оқиғадан соң 42 жастағы азамат қаза тапты. Марқұмның артында 3 баласы қалды.

Полиция мәліметінше, "кісі өлтірді" деген күдікпен 45 жастағы азамат ұсталған. Ал жергілікті тұрғындар азаматтың бірнеше жылдар бойы ата-анасымен бірге "Меркур Таун" тұрғын үй кешенінде тұратынын айтады.

Журналист Диас Нұрақын желідегі жазбасында күдіктінің тағы бірнеше бұзақылығын әшкереледі.

"Қазір қамауда. Жасы шамамен 45-те екен. Аты-жөні – Асхат Тастандиев. Бұл мәліметтерді осы үйде тұратын тұрғындар жіберді. Басбұзар бұған дейін де осы үйдегі Лена деген диспетчер қызды ұрып тастаған. Тіпті бірнеше рет наркологияға жатып шыққан дейді танитындар. Бір сөзбен айтқанда байдың ерке баласы. Өйткені, ең қымбат саналатын "Самал" ықшамауданынан анау-мынау пәтер сатып ала алмайды. Ал, кісі қолынан өлген күзетші небәрі 42 жаста екен. Артында үш баласы қалыпты. Марқұмның жақындарына сабыр тілеймін! Қандықол, қаныпезерлер қатаң жазалануы тиіс", - делінген Facebook желісіндегі жазбада.

Желіде күдіктінің әкесі ретінде аталып жүрген Сіләмғазы Тастандиевтің 1948 жылы туғаны, 1990 жылдары Жоғарғы Кеңестің ХІІІ шақырылымының депутаты болғаны айтылады. Бұдан өзге бұрынғы Талдықорған облыстық прокурорының бас көмекшісі қызметін атқарған. 

Ал, күдіктіні полицейлер ұстар кезде 14 қабаттан секірмекші болған. Желі қолданушылары күдіктінің бұл әрекетін "жазасын жеңілдету" жолындағы талпыныс деп отыр. Ертең "нашақор" деп жазадан оңай құтылады деген ұстанымда.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу