Мешітке келгендерді алдап, миллиондап ақша алған

6699

Қарағандылық Алла үйіне келген тұрғындардан алаяқтық жолмен 100 млн теңге қаражат жинаған.

Мешітке келгендерді алдап, миллиондап ақша алған

Қарағанды қаласының 32 жастағы тұрғыны мешітке жиі келіп жүріп, жамағаттың сеніміне ие болған. Олардан бизнес ашу үшін қарызға ақша алып, кейін оны үстемақымен қайтарамын деп уәде берген. Уақыт өте келе, уәде еткен үстемақыны да, алған ақшасын да қайтармай қойған.

Тергеу мәліметіне сүйенсек, оның алаяқтық жолмен жинаған ақшасы 104 млн теңгеге жеткен. 

Күдіктінің әрекетінен 7 адам зардап шегіпті. Оның алтауы сот барысында айыпталушыға 5 млн теңгеден бастап 23 млн теңгеге дейінгі қаражатты бергенін мәлімдеді. Жетіншісі айыпталушыға қымбат көліктерді жалға беріп отырған. Ал ол сондай көліктің бірін басқа біреуге беріп, көлік иесіне 35 млн теңге көлемінде шығын келіпті. 

Сот барысында күдікті өзіне тағылған айыппен келіспеді. Ол Қытайдан арнайы техникаларды жеткізетін бизнес ашу үшін жұрттан ақша алғанын, тек өзін серіктесі алдап кеткендіктен қаражатты қайтара алмағанын мәлімдеді. 

Қазыбек би аудандық сотының шешімімен күдікті аса ірі көлемдегі алаяқтық қылмыс жасағаны үшін айыпты деп танылып, 6 жыл 6 айға бас бостандығынан айрылды.

Облыстың бас имамы Өмірзақ қажы Бекқожа Алла үйіне келіп, жұртты алдаған  адам жайында сот үкімі шыққан соң бір-ақ естігенін айтады. 

"Мұсылман дінінде 54 ең ауыр күнә болса , соның бірі осы аманатқа қиянат жасау болып табылады. Мешітке бұрыннан келіп жүрген намазхан жігіт емес шығар деп ойлаймын,  өйткені сұрастырып көріп ем, оны  ешкім білмейтін болып шықты. Негізінен біреудің сеніміне кіріп алдау әрине үлкен қателік , ауыр күнә", – деп мәлімдеді облыстың бас имамы Өмірзақ қажы Бекқожа. 

Арайлым Еркебаева 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу