Бүгін аталған оқиғаға қатысты ҚМДБ мәлімдеме жасады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Бұл туралы діни басқарманың баспасөз хатшысы Ағабек Қонарбайұлы Facebook-тегі парақшасында жазған. Ол құлшылық үйіне келген әрбір адам мешіт әдебін сақтауы тиіс екенін ескертеді.
– Мешіт – құлшылық үйі, жамағат жиналатын рухани орда, қасиетті мекен, тәрбие орны. Құлшылық үйіне келген адам мешіт әдебін сақтауы тиіс. Бұл – мұсылманның көркем мінезінің бірі. Түркістан облысы, Сарыағаш ауданындағы мешітте болған оқиға әлеуметтік желілерде тарап, қоғамның түрлі пікір қайшылығын тудырды. Осыған орай, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қасиетті орында қоғам наразылығын тудырған әрекетке жол бергені үшін мешіт имамына ескерту жасады. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы еліміздегі барша мұсылман жамағатын құлшылық үйлерінде дауыс көтеріп сөйлемеуге, әдепсіз әрекеттерге жол бермеуге, ұрыс-керіс жасамауға шақырады. Жамағатты барынша мешіт әдебін сақтауға үндейміз, – деді ол.
Бұған дейін оқиғаның Сарыағаш ауданындағы мешітте болғаны нақтыланған еді. Видеодан уағыз айтып отырған ақсақалдың аяғын 3 баланың уқалағанын байқау қиын емес. Бұған көпшілік наразылығын ашық білдірген болатын.