Сот оны 1 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасына кесті. Осы уақытқа дейін айыпталушы үйқамақта болған.
Тергеу материалдарына сәйкес, оқиға биыл ақпан айында мешіт аумағында болған. Сотталушы балаларды ұрып-соғып, тепкілеген. Соның салдарынан жәбірленушілердің бірі бас-ми жарақатын алып, миы шайқалған. Сараптама қорытындысы бойынша оның жарақаттары жеңіл және орташа дәрежедегі денсаулыққа зиян ретінде бағаланған.
Сот отырысында мемлекеттік айыптаушы сотталушының әрекеті қасақана жасалғанын айтып, оны кінәлі деп тануды және Қылмыстық кодекстің тиісті баптары бойынша 1 жыл 6 айға бас бостандығынан айыруды сұрады. Сондай-ақ жәбірленушінің азаматтық талабын ішінара қанағаттандырып, заңды өкілінің шығындарын өтеуді ұсынды.
Өз кезегінде айыпталушы үйқамақта болғандықтан жәбірленушілерден бұрын кешірім сұрауға мүмкіндігі болмағанын айтты. Ол сот залында жасаған ісіне өкінетінін жеткізіп, екі жәбірленушіден кешірім сұрады. Алайда азаматтық талапты мойындамайтынын айтып, ата-анасының жалғыз асыраушысы екенін алға тартты.
Соттың шешімімен айыпталушыға түпкілікті 1 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сонымен қатар жәбірленуші талап еткен 10 млн теңге моральдық өтемнің орнына 3 млн теңге өндірілетін болды. Бұдан бөлек, заңды өкілінің шығыны ретінде 200 мың теңге төлеуге міндеттелді.
Судья үкім шығару кезінде құқықбұзушылықтың қоғамдық орында, яғни мешітте жасалғанын ескергенін айтты.
Әзірге сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.