Алматының Орталық мешітінде қайырымдылық төлемдеріне арналған терминал орнатылды, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің ресми сайты.
Алматыдағы Орталық мешітке келушілер өздерінің қайырымдылық төлемдерін (пітір, садақа және басқалар) электронды терминал арқылы бере алады. Бұл жаңалықтың басты мақсаты – қаржының түскенін ашық көрсету.
“Бүгінгі күні бес институционалды реформаны жүзеге асыру барысында мемлекеттік органдар қоғам алдында барынша ашық болуға күш салуда. Алматыда ауруханалар, мектептер, бала бақшалар, ПИК-тер өздерінің қаржылық есептерін жариялап, тұрғындардың сеніміне ие болуда. Міне, енді Алматы мешіті де алғашқылардың бірі болып осы жолмен жүре бастады”, – деді Бауыржан Байбек.
Мешіттің бас имамы Нұрбек Есмағанбетовтың сөзінше, бұл технология пилотты тәртіпте қолданылады екен. Мешітке келген кез-келген жан қайырымдылық төлемдерін бұрынғыша арнайы жәшіктерге де сала алады. Ай сайынғы жиналған қаржының жалпы сомасы мешіттің сайтында жаряиланады.
Еске салайық, 2015 жылы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қайырымдылық төлемдер жасауға арналған сегіз терминал сатып алған. Олардың үшеуі Астана мешіттерінде орнатылған.