Елордалық полицейлер 9 мамырдан бері хабар-ошарсыз кеткен мектеп оқушысын аман-есен тапты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Астана қалалық полиция департаментіне баланың жоғалғаны туралы арыз ата-анасынан түскен. Олардың айтуынша, жасөспірім қосымша сабаққа кетіп, қайтып оралмаған.
Жасөспірімді іздестіру жұмыстарына 70 полицей, 30 Ұлттық ұлан сарбазы және еріктілер тобы жұмылдырылды. Тәртіп сақшылары мектептерді, ауруханаларды, аулалар мен кіреберістерді тексеріп, бейнебақылау камералары арқылы баланың жүру бағытын анықтады.
Тергеу барысында баланың қала шетіне қарай бет алғаны анықталды. Ол автобуспен соңғы аялдамаға дейін барып, әрі қарай жаяу жүрген. Жасөспірім Ақжар ауылындағы мешітте түнеген.
Сондай-ақ жергілікті тұрғындар мен жүргізушілерден жауап алу барысында оның тас жол бойымен кетіп бара жатқаны белгілі болды. Қазіргі уақытта баланың өмірі мен денсаулығына қауіп төнген жоқ, ол ата-анасына тапсырылды.
Ювеналды полиция қызметкерлері отбасымен профилактикалық әңгіме жүргізді.