Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі мешіттердің басшылығын санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың нормаларын сақтауға және тұрғындарды егер олардың әрекеті қолданыстағы заңнамаға қайшы келмесе, діни рәсімдерге түсіністікпен қарауға шақырады, деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметі.
Азан шақыру (намазға шақыру) мұсылман дәстүрінің ажырамас бөлігі болып табылады. Дегенмен соңғы уақытта ҚР дін істері және азаматтық қоғам министрлігіне мешіттердегі азанның дыбыс деңгейін реттеуге қатысты көптеген өтініш келіп түсуде екен.
"Осы тұрғыда дін істері комитеті Қазақстан мұсылмандары діни басқармасымен және облыстардың, Астана мен Алматы қалалары дін істері жөніндегі басқармалармен бірлесіп, мешіттердегі азанның дыбыс деңгейін тұрғын үй және басқа үй-жайларды, қоғамдық ғимараттарды ұстауға және пайдалануға арналған санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкестендіру мақсатында түсіндіру жұмыстарын жүргізуде", - дейді министрліктен.
Аталған талаптарға сәйкес, пәтерлердің бөлмелеріне шудың ену нормасы сағат таңғы 7.00 ден түнгі 23.00-ге дейін 55-тен 70 дБА (децибел), ал, сағат 23.00-ден 7.00-ге дейін 45-тен 60 дБА (децибел) болу қажеттігі көрсетілген.
Өз кезегінде, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің ұсынымдарын және азанның дыбыс ырғағын асырмауға қатысты санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды ұстанады.